«Жеті атаға толмай үйлену шариғатқа қайшы емес»: медресе ұстазының мәлімдемесі шу тудырып жатыр
10 жылдан аса уақыт балаларға діни тәрбие берген ұстаз.

Әлеуметтік желіде “бел немерелердің өзара шаңырақ көтеруі шариғатқа қайшы емес” деп пікір білдірген медресе ұстазының басы дауға қалды. Ол 10 жылдан аса уақыт балаларға діни тәрбие берген, деп хабарлайды КТК арнасы.
Жеті атаны елемей, туысына үйленгендер неге көбейді? Діни басқармасының ұстанымы Бел немерелердің өзара шаңырақ көтеруі шариғатқа қайшы емес. Әлеуметтік желіде осындай пікір білдірген медіресе ұстазының басы дауға қалды
Он жылдан аса уақыт бала тәрбиесімен айналысып жүрген тақуаны жерден алып, жерге салып жатқандар көп. Бірі — жеті атадан аспай, жақын туыстардың отбасы құруынан түрлі ауру бала дүниеге келеді десе, енді бірі, тіпті адамгершілікке қайшы деген пікірде. Жеті атаны күткісі келмей, туысқа көңілі шапқандар соңғы кезде неге көбейді? Діни басқарманың бұған қатысты ұстанымы қандай?
Құранда бізде нақты кімге үйленуге болады, кімге болмайтыны нақты айтылған. Жеті атаға дейін «бөле секілді» деген нәрселерге дінде рұқсат бар, бірақ ол орындалуы керек деген нәрсе емес.
Желіде желдей ескен осы пікір қоғамда үлкен дау тудырды. Жеті атаға толмай қыз алып, қыз беріспейтін, қаны таза қазақтың ойына іріткі түсуі мүмкін дегендер, медіресе ұстазын жерден алып, жерге салды.
Бұл Данияр Кенжеұлының дау тудырған бірінші пікірі емес екен. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының хабарлауынша, бұған дейін де ескерту алыпты. Ал осы жолы ешқандай шара қолданылмайтын сыңайлы. Өйткені «немере қарындасымен отбасы құруға рұқсат» дегенді мүфтиаттағылар да жоққа шығармайды. Бірақ бұл мәселеде дәстүрге сүйенген абзал деген пікірде.
«Данияр деген азамат бізде Ақтөбе қаласында, Ақтөбе медресе колледжінде ұстаз болып жұмыс істеген. Алдында осындай бір мәселеге қатысты даулы сөздеріне қатысты оған ескертулер беріліп, шара қолданылған. Тіпті жұмыстан да босату орын алған еді. Ал енді ол кісінің жеке айтқан сөздері, тағы да қайталап айтамын, Қазақстан мұсылмандар діни Басқармасының ресми пікірін білдірмейді, ұстанымын білдірмейді», — дейді, бас мүфтидің кеңесшісі Смайыл Сейітбеков.
Генетик мамандар да туыстардың отбасы құруынан түрлі ауру бала дүниеге келетінін жасырмады. Туа бітті ауруға шалдыққан сәбилер сол күйі емделмей кетеді екен. Көбінесе туыстық некеден туған бөбекте есту қабілеті болмайды дейді дәрігер.
«Әр адам кез келген генетика өзгерісінің тасымалдаушысы болып табылады. Тасымалдаушы адамда ол аурудың еш белгісі болмайды. Егер де екі адамда бірдей сондай генетика мутациясының тасымалдаушысы болса, болашақ ұрпаққа ауру болып берілу ықтималы жоғары. Сол үшін туыстық некеде барлық бала ауру болып туады деген ұғым жоқ, дегенмен ықтималы жоғары», — дейді генетик дәрігер Алтынай Қожанова.
Ал басы дауға қалған Данияр ұстаз желідегі парақшасына жазба жариялады. Бұл оқиғаны ол қоғамда алауыздық тудыру үшін «әдейі жасалды» деп отыр. Ақиқатында өзім де жеті атаға толмай қыз алысуды құптамаймын деп отыр.



