Қоғам
«Саботаж жасады»: белгілі ұстаз Әбенов, Сайыров, Аралбай және Сәбилянов бастаған төрт депутатты сотқа тартуға шақырды

Белсенді педагог әрі қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлы бірнеше депутаттың атын атап, оларды жауапқа тартуды талап етіп жатыр. Айтуынша бұл депутаттар саботаж жасап отыр, деп хабарлайды tiek.kz.
Еске салып өтейік, өткен аптада Ерлан Сайыров, Нартай Аралбай, Мұрат Әбенов бастаған Мәжіліс депутаттары «мектепті аудан әкімдігі құзіретіне беру», «мұғалімдерді қоғамдық жұмыстарға араластыру керек» деген бастама көтеріп, ұсыныс жасаған болатын.
Алайда бұл бастамаға білім саласының мамандары қарсылық білдіріп жатыр. Білім саласының білікті маманы Өмір Шыныбекұлы кей депутаттың мұндай ұсынысы Президент қол қойған «Мұғалім мәртебесі» заңына қарсы шығу деп бағалайды.
«Төменде аттары аталған депутаттар мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың саясатына саботаж жасау әрекеті үшін жауапқа тартылсын!
Оу, депутаттар!
Сендер Түркістан облысының тек 7 ғана аудандық білім бөлімінен ұрланған ₸12 млрд теңгенің білім бөлімдері аудан әкімдігіне бағынышты кезде ұрланғанынан хабарларың жоқ екен.
Не бітіріп отырсыңдар, Егемен елдің Парламентін масқара қып?
Депутат ретінде сендерге төленген салық төлеушінің ақшасын қозғап, аузымды ауыртпайын..
Жетісай Ауданы Білім Бөлімі, Мақтаарал Ауданы Білім Бөлімі, Келес Ауданының Білім Бөлімі, Сарыағаш Ауданының Білім Бөлімі, Бәйдібек Ауданының Білім Бөлімі, Шардара Ауданы Әкімдігі
Осы аудандарда қаншама адам сотталып, қанша адам өзіне өзі қол салып өмірден баз кешкенін білесіңдер бе?Неге дерсіңдер..
Себебі, біреу-ақ «Қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді»..
Көздегендерің қазанның қақпағын қайта ашу ма?
Миллион теңгелік жалақыларыңның еш болмаса жүз мыңын ақтарсыңдар..
Мұрат Әбенов, Ерлан Сайыров, Нартай Аралбай, Нұртай Сәбилянов, мықты болсаңдар, алысқа бармай-ақ, осы облыстың қалған аудандарының білім бөлімдерін тексертіңдер!», — деп жазған Өмір Шыныбекұлы.
Сондай-ақ ол тексерілуі керек білім бөлімдерінің тізімін ұсынған.



