Зейнетақы төлемдерін алу шегін көтеру туралы заң жобасы қолдау таппады
Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланғанымен, пайдаланушылар оның толық нұсқасы қолжетімсіз болғанын айтып, наразылық білдірген.
Зейнетақы жинағын алу шегін көтеру туралы жобасы қоғамдық талқылаудан қолдау таппады, деп хабарлайды tiek.kz.
Талқылау барысында жобаға қолдау білдіргендер болмаған.
Құжат «Ашық НҚА» порталында жарияланғанымен, пайдаланушылар оның толық нұсқасы қолжетімсіз болғанын айтып, наразылық білдірген.
Жоба Үкімет қаулысы ретінде Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан мерзімінен бұрын қаражат алу үшін жеткіліктілік шегін ұлғайтуды көздеген.
Құжаттың нақты мазмұны, яғни шектердің қаншаға өсетіні мен есептеу әдістемесі жарияланбағандықтан, талқылауға қатысушылар тарапынан сын айтылды. Барлығы 40-тан астам пікір түскен, онда азаматтар жүйедегі әділетсіздік, инфляциядан төмен табыстылық және ережелердің күрт өзгеруіне қатысты алаңдаушылық білдірген.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауаптарында бұл өзгерістер зейнетақы төлемдерінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қажет екенін атап өтті.
Бұған дейін ведомство соңғы 5 жылда қазақстандықтар шамамен 5 триллион теңге мерзімінен бұрын шешіп алғанын, оның бір триллионы 20 мен 35 жас аралығындағы азаматтарға тиесілі екенін хабарлаған. Сонымен қатар 2026 жылы жеткіліктілік шегін қайта арттыру жоспарланбағаны айтылды.



