Жол торыған ажал: заңсыз такси қызметі мен жауапсыз жүргізушілер азаймай тұр

Елімізде заңсыз такси мен кәсібіне жауапсыз қарайтын жүргізушілердің салдарынан болатын жол-көлік оқиғалары азаймай тұр. Жақында осындай жауапсыздық салдарынан бүтіндей бір отбасы жол апатына түсті. Өкініштісі, апат бір адамның ғұмырын қиып кетті, деп хабарлайды tiek.kz.
Белгілі болғандай, отбасы мүшелері InDrive такси қызметі арқылы көлік жалдап, сапарға шыққан. Алайда Астанадан шыға берісте, Астрахан бағытындағы 81-ші шақырымда Jetour X70 маркалы такси қарсы бағытқа шығып кетіп, отбасы отырған көлік бірнеше рет аударылған.
Бұл қайғылы оқиға шаңырақтың тірегі болған отағасының өмірін жалмады. Ал көлікте болған басқа отбасы мүшелері — анасы, жақындары мен кішкентай балалар ауыр жарақаттармен ауруханаға жеткізілді. Қарындасының омыртқасы сынып, арбаға таңылған. Сондай-ақ кішкентай сәбидің бауыры жыртылып, бірнеше күрделі отадан өтті, тағы бірнеше адамның жағдайы әлі де ауыр күйінде қалып отыр.
Қоғамды алаңдатқан тағы бір мәселе — апатқа себепкер болған такси жүргізушісінің әлі күнге дейін жауапқа тартылмай отырғаны. Жәбірленуші тараптың туыстарының айтуынша, ол құқық қорғау саласында (әскери бөлім немесе зонада) қызмет етеді.
Сол секілді, тергеу процесі мен жүргізушінің қазіргі жағдайы да белгісіз қалып отыр. Туыстарының айтуынша, оның қайда екені, ауруханада ма әлде үйінде нақты ақпарат жоқ. «Тергеушілер де ештеңе айтпай отыр», — деп жәбірленуші тарап редакциямызға хабарласқан еді.
Ал полиция «Ақмешіт ауылының маңындағы Астана-Атбасар-Жақсы автожолының 81-ші шақырымында болған ЖКО фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу 2026 жылғы 28 тамызда Целиноград ауданының полиция бөлімінде тіркелген. Jetour X70 көлігінің аударылуы нәтижесінде 1997 жылы туған жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Жүргізуші мен төрт жолаушы, оның ішінде кәмелетке толмаған, түрлі жарақаттармен медициналық мекемеге жеткізілді. Дерек бойынша қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде, сараптамалар тағайындалу үстінде. Тергеу нәтижелері бойынша тиісті құқықтық бағалау берілетін болады. Тергеу мүддесі үшін басқа ақпарат жария етілмейді», — дегеннен басқа ақпарат берген жоқ.
Құрылтай депутаты Олжас Құспековтің айтуынша, бұл мәселені заңмен реттеу керек.
«Бізде Мәжілістің сегізінші шақырымында өзін-өзі реттеу бойынша осы қалааралық қаламандағы адамдарды тасымалдау мәселесі қарастырылған болатын. Ол заңды, меніңше, қазір үкімет қайта кері шақырып, қарап жатыр Бірақ ол жерде мынадай жайттар қарастырылған. Сақтандыру, екіншісі – жауапкершілік қарастырылған. Қазір енді «InDriver»-де білмеймін, бірақ мынау «Яндекс» платформасында барлық жауапкершілік қарастырылған және де жүргізушінің клиенттердің алдындағы жауапкершілігі де сақтандырылған. Сондықтан бұл жерде сол жауапкершілікті күшейту керек. Бұл платформалық форматта жұмыс істеп жатқандықтан, сол платформалардың жауапкершілігі болуы керек», — дейді ол.
Қазіргі таңда Қазақстанда 600 мыңға жуық адам такси, жеткізу қызметі немесе фриланс арқылы нан тауып жүр. Қазақстан Халық партиясы өкілдерінің мәліметінше, такси жүргізушілері, курьерлер, фрилансерлер және цифрлық платформалар арқылы табыс табатын басқа да қазақстандықтар үшін әлеуметтік кепілдіктерді кеңейту қажет. Халық партиясы бұл мәселені бүгіннің өзінде шешу қажет деп санайды.
«Заң жобасы жауапкершілікті цифрлық сервистер, орындаушылар және мемлекет арасында бөлуді көздейді. Бүгінде сервис түрін қолданушылар кез келген әлеуметтік және заңды, әлеуметтік кепілдіктер мен заңнамалық қорғаныстан тыс қалып отыр. Олар сотқа жүгіне алмайды, олар еңбек инспекциясына жүгіне алмайды, оларды негізсіз блоктайды, олар әдеттегі жұмысшылар сияқты зейнетақы жарналарын алмайды. Жарақат алу қаупіне тап болады, оларды жазатайым оқиғалардан сақтандырмайды», — дейді заңгер Асқар Қаймақов.
Еліміздегі жол апаттарына қатысты статистика өте қорқынышты.
Өткен жылы еліміз бойынша, 15 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 1600 адам ажал құшқан. Ал жарақат алғандардың саны 35 мыңнан асады.
Қазақстан жол апатынан қаза тапқандар саны бойынша әлемде алғашқы үштікте тұр. Ресей мен АҚШ көш бастап тұр. Үшінші орында біздің ел. Бұл статистиканы негізге алсақ, елімізде күніне орташа есеппен 6-7 адамның өмірін жалмайтын апат тіркеледі деген сөз.
БҰҰ-на қарасты Еуропалық экономикалық комиссияның мәліметінше, елімізде жылына жол апаттары орта есеппен 2 000-нан 2 500-ге дейін адамның өмірін жалмайды екен. Яғни жеке ел болып Тәуелсіздік алғалы бері кемі 60 мыңға жуық адамнан айырылдық десек болады.
Бұл өз кезегінде Талғар, Балхаш, Қаскелең секілді қалалардың халқына тең көрсеткіш. Яғни 30 жылда бір қаланың халқына тең адамнан ауру-сырқаусыз, соғыссыз-ақ айырылып отырмыз деген сөз. Ал жарақат алғандардың саны миллионнан асып жығылады.
Статистикалық есептерге сенсек, жол апаттарының 90 пайызға жуығына жүргізушілердің қателігі себеп болады екен. Әсіресе жылдамдықты шамадан тыс асыру талай жанның өліміне әкеліп отыр. Қалған 10 пайызы жаяу жүргіншілердің жол ережесін сақтамауынан.
Статистикалық деректерге сүйенсек, жыл басынан бері елімізде 15 188 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Осы уақыт аралығында жол апатынан 807 адам қаза тауып, 20 200-ден астам адам түрлі жарақат алған.
Статистика көрсеткендей, жол апаттары мен ауыр зардаптардың басым бөлігі (80 пайыздан астамы) дәл жеңіл автокөліктердің үлесіне тиесілі.
Ең көп өлімге әкелетін жағдайлар — қарсы бағытқа шығып кету (бетпе-бет соқтығысу) және көліктің аударылып қалуы (төңкерілу).
Бұл көбінесе қаларалық трассаларда тас жолда жылдамдықты асыратын, жолаушы тасымалдайтын бейресми көліктерде жиі кездеседі.



