Мәслихаттың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін
Бұған дейін Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтетінін айтқан еді.

Барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Премьер-министр Олжас Бектеновпен және Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебаймен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі бойынша консультациялар өткізді, деп хабарлады Ақорда.
Мемлекет басшысы мәслихаттардың азаматтар мүддесін қорғауда, жергілікті бюджеттерді бекітуде және өңірлердің дамуын бақылауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Сондай-ақ депутаттар құрамын жаңарту жергілікті өкілді органдардың жұмысын күшейтеді деген пікір білдірді.
Кездесуде Үкімет басшысы мен Құрылтай төрағасы өз ұсыныстарын жеткізді. Президент барлық пікірді ескеріп, Конституция талаптарына сай түпкілікті шешім қабылдайтынын айтты.
Бұған дейін Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтетінін айтқан еді.
Президенттің айтуынша, қазіргі мәслихат депутаттарының басым бөлігі Amanat партиясы атынан сайланған.
«Ал ол “Әділетке” қосылғандықтан олардың қызметінің заңдылығына қатысты мәселе туындайды.Сондықтан мен жақын арада Премьер-министрмен және Құрылтай Төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде кеңесемін. Содан соң тиісті жарлыққа қол қоямын. Көп ұзамай Орталық сайлау комиссиясы сайлау өтетін күнді жариялауы керек”, — деді Тоқаев.
Әділет министрлігі Партия қажетті тіркеу рәсімдерінен өтіп, БСН тізіліміне енгізілгеннен кейін тиісті аумақтық сайлау комиссиясы адамның мəслихат депутатының өкілеттіктерін жоғалту фактісін көрсететін шешім қабылдайды жəне бұл туралы тиісті мəслихатқа хабарлайтынын хабарлаған.
ОСК мүшесі Михаил Бортник партиялардың бірігіп жатқаны үшін мәслихаттың жұмысын тоқтатуға болмайтынын айтқан еді.
Бортниктің айтуынша, екі партияның бірігіп жатқаны үшін мәслихаттың жұмысын тоқтатуға болмайды. Әзірше толық құраммен жұмыс жасай береді. Кейін уақыты келгенде қоданыстағы заң аясында сайлау өтуі тиіс. «Мәслихаттар үшін жаңа сайлау мерзімі белгіленетін шығар, яғни бұл қолданыстағы заң бойынша болуы тиіс тәртіптен өзгеше болады», — дейді Михаил Бортник.



