Алматының студенттері мен жастары Көк-Жайлауда 2 000 ағаш отырғызуға атсалысты

2026 жылдың 3 қазанында Көкжайлау аумағында Алматы жастары мен студенттерінің қатысуымен ағаш отырғызу жөніндегі экологиялық акция өтті. Almaty SuperSki жобасын талқылаудан басталған ашық диалог нақты іске ұласып, тау бөктеріне 2 000-ға жуық Шренк шыршасы отырғызылды, – деп хабарлайды Tiek.kz.
Көгалдандыру жұмыстарына Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров, Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды, «Kazakh Tourism Development Ltd.» компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев және ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысты. Басшылық пен қатысушылар алғашқы ағаштарды бірлесіп отырғызғаннан кейін, жастар белгіленген учаскелерге бөлініп, жаппай жұмысқа кірісті.
«Алынған әрбір ағаштың орнына 10 көшет егіледі»
Экология министрі Әлібек Қуантыров бұл жобаның Алматы мен бүкіл өңірдің туристік дамуына жаңа серпін беретінін, алайда басты назар табиғатты сақтауға аударылуы тиіс екенін кесіп айтты. Оның сөзінше, туристік кластерді іске асыру аумағында Қызыл кітапқа енгізілген бірде-бір ағаш көшірілмейді және алынбайды.
«Біз табиғи ресурстарды жауапкершілікпен пайдалану қағидатын басшылыққа аламыз: алынатын әрбір ағаштың орнына он ағаштан өтемдік отырғызу қамтамасыз етіледі. Барлық экологиялық талаптар сақталған жағдайда жобаны іске асыру туризм мен экономиканың дамуын табиғи мұраны сақтаумен ұштастыруға мүмкіндік беретініне сенімдімін», – деді Ә. Қуантыров.
Диалогтан – нақты іске: Жастар неге араласты?
Бұл экологиялық акция – осыған дейін Алматы жастары мен Almaty SuperSki жобасы өкілдері арасында өткен ашық кездесулердің тікелей жалғасы. Бұған дейін жас алматылықтар таулы аумақтардың дамуы мен Көкжайлаудың болашағын талқылауды өздері бастап, жоба авторларына тікелей сұрақтарын қойған болатын. Енді олар табиғи аумақты сақтау ісіне өз үлестерін қосып отыр.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды таулар қаланың ажырамас бөлігі және өзіндік болмысы екенін айтып, жастардың бұл қадамын жоғары бағалады:
«Біз үшін жастардың қаланың болашағы мен оның табиғи аумақтарына қатысты мәселелерден шет қалмауы маңызды. Мұндай бастамалар экология туралы сөз қозғап қана қоймай, табиғатты сақтауға бағытталған нақты жұмыстарға тікелей қатысуға мүмкіндік береді», – деді шаһар басшысы.
«Құрылыстан бұрын экологиялық қадамдар жасалады»
«Kazakh Tourism Development Ltd.» басшысы Ержан Еркінбаев экологиялық іс-шаралар Almaty SuperSki жобасын іске асырудың келесі кезеңдерінен бұрын жүргізілуі тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, кез келген даму табиғатқа құрметтен басталуы керек.
«Almaty SuperSki жобасын іске асырудың келесі кезеңдеріне дейін біз нақты экологиялық қадамдардан бастаймыз. Жаңа ағаштар отырғызу – сондай қадамдардың бірі. Көкжайлау Алматының өкпесі болып қала береді», – деді Е.Еркінбаев.
Айта кетейік, ауқымды көгалдандыру акциясына студенттерден бөлек, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Биология және биотехнология факультетінің ботаника және агроэкология кафедрасының мамандары мен басқа да ғылыми ұйымдардың өкілдері қатысты. Бұл шара жас ұрпақты табиғатты қорғауға баулып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруды көздейді.




