Қоғам

«Соғысқымыз келмейді»: Ресейдегі қазақстандықтар Президенттен көмек сұрады

Ресейге күзетші болып жұмыс істеуге барған Қазақстан азаматтары елге қайтуға көмектесуді сұрап, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасады. Олардың сөзінше, бастапқыда күзет саласында жұмыс істейміз деп барған, алайда кейін соғысқа жіберілетіндерін білген. Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі осы жағдайға байланысты Ресей СІМ-іне дипломатиялық нота жолдағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Видеоүндеуде өзін Айнабек Жалғасбекұлы деп таныстырған азамат Қазақстан азаматы екенін айтып, Ресейге күзет агенттігі арқылы барғанын жеткізді.

«Біз үш дос болып келдік. Алғашында “осы жерде жұмыс істейсіңдер” деді. Қол қойдық. Кейін “болды, сендер соғысқа кетесіңдер” деп айтты. Біз қорқып қалдық. Қазір елге қайтудың жолын іздеп жүрміз», — дейді ол.

Оның айтуынша, азаматтар бастапқыда әскери қимылдарға қатысу үшін бармаған.

«Біз соғысуға дайын емеспіз. Соғысқымыз келмейді», — дейді видео авторлары.

Үндеу жасаған екінші азамат та Қазақстан билігінен, депутаттар мен қоғамнан көмек сұрады.

«Бар үмітіміз сіздерде. Қазақстан халқынан, министрлерден, депутаттардан көмек сұраймыз. Қолдан келгенше бізді елге қайтаруға көмектесулеріңізді өтінеміз», — деді ол.

Азаматтар Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан да елге оралуға жәрдемдесуді сұрайтынын айтты.

«Өз жерімізде болғанымыз дұрыс. Басқа елде соғысқымыз келмейді», — дейді олар.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі жағдайдан хабардар екенін мәлімдеді.

«Осы мәселе бойынша Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігіне дипломатиялық нота жолданды. Ресей тарапымен тиісті жұмыс жалғасып жатыр. Жұмысымыздың нәтижесі туралы қосымша хабарлаймыз», — деп жауап берген СІМ.

Айта кетейік, бұған дейін де Ресейге жұмыс іздеп барып, кейін әскери келісімшартқа отыруға мәжбүр болғанын айтқан қазақстандықтарға қатысты мәселе көтерілген. 18 қыркүйекте Қазақстан елшілігі Ресей СІМ-іне Мирас Тасжарғанов пен онымен бірге жүрген бірнеше Қазақстан азаматын елге қайтаруға жәрдем көрсетуді сұрап нота жолдаған.
Ал Айнабек Жалғасбекұлы мен онымен бірге жүрген азаматтардың жағдайы бойынша СІМ Ресей тарапымен жұмыс жалғасып жатқанын хабарлады.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button