Экология

Жастар Көкжайлаудың болашағы туралы ашық диалогты қолдады

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттерінің бастамасымен жастар мен «Kazakh Tourism Development Ltd.» компаниясының атқарушы директоры Ержан Еркінбаев арасында ашық диалог өтті. Кездесуде қоғамда қызу талқыланып жатқан Көкжайлаудағы Almaty SuperSki жобасының экологиялық қауіпсіздігі, туристер ағыны және жаңа жұмыс орындары мәселесі қаралды, – деп хабарлайды Tiek.kz.

Желідегі алыпқашпа сөздер мен пікірталастарға сүйенбей, ақпаратты тікелей жоба авторларынан алуды көздеген студенттер компания басшылығын өздері шақырған. Ержан Еркінбаев жастардың бұл қадамын жоғары бағалап, жобаның әрбір шешімін түсіндіруге дайын екенін жеткізді.

«Almaty SuperSki төңірегінде түрлі пікірлер айтылып жатыр, ал шындықты түсінудің ең жақсы жолы – тікелей сөйлесу. Біз күрделі сұрақтарға жауап беруге және Көкжайлаудың болашағын қалай көретініміз туралы ашық айтуға дайынбыз», – деді ол.

Экожүйеге зияны жоқ па?

Студенттерді ең алдымен Көкжайлаудың табиғи ортасы қалай сақталатыны, артып келе жатқан туристік ағынның қалай ұйымдастырылатыны және қала тұрғындарының тауға еркін бару мүмкіндігі қызықтырды. Жиынға қатысқан Альпинизм және құзға өрмелеу федерациясының президенті Нұрсұлтан Шоқанов тау инфрақұрылымы ең алдымен адамдар үшін дамуы тиіс екенін қадап айтты.

Ал экологиялық қауіпсіздік мәселесіне қатысты биология ғылымдарының кандидаты, ҚазҰУ ботаника және агроэкология кафедрасының меңгерушісі Нұрсұлу Ахтаева жауап берді.

«Ғалымдар зерттеу жұмыстарын жалғастыруда. Бастапқы зерттеулердің қорытындысы бойынша Almaty SuperSki жобасы Көкжайлау экожүйесіне теріс әсер етпейтіні анықталды», – деп сендірді ғалым.

Жас мамандарға қандай мүмкіндік бар?

Талқылаудың тағы бір маңызды бағыты – жұмыспен қамту. Болашақ экологтар, инженерлер мен туризм саласының мамандары жоба іске қосылғаннан кейін Алматыда мансап құру мүмкіндіктерін сұрады. Ержан Еркінбаевтың айтуынша, Almaty SuperSki құр инфрақұрылымдық жоба емес, жаңа кәсіби орта қалыптастыратын алаң:

  • Жобаға тау туризмі, сервис, экология және инженерия бағытындағы мамандар көптеп қажет болады.

  • Жергілікті жоғары оқу орындарының түлектеріне осы жоба аясында тәжірибе жинап, өз білімін туған қаласында қолдануға толық жағдай жасалады.

Жастардың JANA LEP қозғалысы

Көкжайлауды абстрактілі аумақ емес, өздері жиі баратын табиғи орта ретінде бағалайтын жастар бұл кездесумен шектеліп қалмақ емес. Осы жиынды ұйымдастырған студенттер «Алматыны бірге өзгертейік» деген ұранмен JANA LEP қоғамдық қозғалысының негізін қалады. Бұл ұйым қаланың болашағына бейжай қарамайтын белсенді тұрғындарды біріктіруді көздейді.

Айта кетейік, жобаны жүзеге асырушы «Kazakh Tourism Development Ltd.» – «Астана» халықаралық қаржы орталығында тіркелген компания. Оның басты мақсаты – халықаралық стандарттарға сай келетін және аймақтың әлеуметтік-экономикалық өсуіне ықпал ететін жыл бойы жұмыс істейтін тұрақты туристік экожүйе құру. Осы мақсатта компания өкілдері студенттермен және басқа да мүдделі топтармен алдағы уақытта да кездесуге дайын екендіктерін жеткізді.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button