«Қырғызстанда оның бас сүйегімен шарап ішеді»: Кенесары ханға тіл тигізген қырғызстандық екі студент кешірім сұрады (ВИДЕО)
Астанада алмасу бағдарламасы бойынша білім алып жүрген қырғызстандық студенттер Аруке мен Эдина Кенесары хан туралы айтқан сөздері үшін кешірім сұрады. Екі елдің әлеуметтік желілерінде дау туғызған эфирден кейін олар қазақ тілінде видеоүндеу жариялады, деп хабарлайды Tizgin.kz.
Студенттер не деді
Видеоүндеуде студенттер өзге халықтың намысына тиетін сөз айтуға болмайтынын мойындап, Қазақстан мен Қырғызстан азаматтарынан кешірім сұрады.
«Интернетте тарап кеткен сөздеріміз үшін кешірім сұраймыз. Қандай жағдай болмасын, басқа халықтың намысына тиетін сөз айтуға болмайды», – деді олар.
Аруке мен Эдинаның айтуынша, эфирге қатысқан блогер әдейі арандатушы сұрақтар қойған. Олар даулы сөздердің айтылуын осы жағдаймен байланыстырды. Дегенмен бұл уәж өздерін ақтамайтынын да мойындады.
«Біздің мақсатымыз қазақ халқын қорлау болған жоқ. Айтқан сөздерімізге шын жүректен өкінеміз», – деді студенттер.
Олар мұндай жағдайдың енді қайталанбайтынын айтты.
Дау неден басталды
Бұған дейін Бішкектен Астанаға алмасу бағдарламасымен келген студенттердің онлайн эфирінен үзінді әлеуметтік желіде тараған. Онда қыздар Қырғызстанда «Кенесары ханның бас сүйегінен шарап ішетіні» туралы сөз айтқан.
Эфирге қатысқан өзге адамдар бұл сөздерді бірден сынап, видеоны Қырғызстан елшілігіне жіберетінін жеткізген.
Үзінді тарағаннан кейін Қазақстан мен Қырғызстанның әлеуметтік желі қолданушылары студенттердің сөзін айыптады.



