Сахнаға мас шыққан: белгілі ақын айтыстан шеттетілді

Әлеуметтік желіде қарағандылық ақын Мақсат Ахановқа қатысты жайсыз видео тарап жатыр. Жазбадан Мақсаттың кезекті айтыстарының бірінен үзінді келтірілген. Сахнада ақынның мас шыққанын, сөздерін ұйқастыра алмай, лағып отырғанын байқауға болады.
“Мынау не масқара, не көргенсіздік! Күні кеше Шайыр ауылының 100 жылдығында болған жағдай» дейді. «Вацап» арқылы келіп жатыр. Аяғы лас төрді былғайды, аузы лас елді былғайды» деген, аузына келгенін көкіп отырған мынаны желкелеп сахнадан қуып шығатын бір намысты адам болмағаны ма сол жерде?! Жүз жерден «жұлдыз», мың жерден «дүлдүл» болса да! Мынау не басыну, не тайраңдау?! Айтыстың әдебі, сахна мәдениеті қайда?! Айтысты ұйымдастырушылар мен қазылар алқасы не қарап отыр?! Елді сыйламау, жерді қорлау, тұтас халықты адам құрлы көрмей, ар-намысын таптау ғой бұл!” – деп жазған Нұргүл Хасанова.
Мақсаттың бұл қылығы оқырмандар арасында үлкен қарсылық тудырып жатыр.
Айтыс Одағының төрағасы Аманжол Әлтай бұл айтыс одақтың жоспарында болмағанын, Шайыр ауылында болған айтыс екенін жеткізді.
“Жеке кәсіпкерлердің демеушілігімен сол өңірдің азаматтарының ұйымдастыруымен өткен. Біздің қатысымыз жоқ. Өзім ұйымдастырған, қадағалаған айтыстарда сахна мәдениетінің сақталуына, ақындардың әдебіне ерекше мән беріледі. Мақсат Ақановты алдағы жарты жылда айтыстарға қатыстырмау жөнінде шешім қабылданды. Шайыр ауылында орын алған келеңсіздік біздің де қабырғамызға батуда. Бір ақынның қателігі үшін барлық ақын кінәлі емес. Өзім ұйымдастырған, басы – қасында болған айтыстарда мұндай келеңсіз жағдайлар ешқашан болған емес”, – деді ол.



