Қоғам

Еркебұлан Тоқтар әкімшілік жазаға тартылып жатыр

Оған қоғамдық орында былапыт сөз айтқаны үшін 20 АЕК, яғни 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Белгілі файтер әрі актер Еркебұлан Тоқтар әкімшілік құқық бұзғаны үшін сотқа тартылып жатыр.

Алматының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты спортшыны Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы бойынша кінәлі деп таныған. Оған қоғамдық орында былапыт сөз айтқаны үшін 20 АЕК, яғни 86 500 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Бұл туралы Алматы қаласының прокуратурасы хабарлады. Прокуратураның мәліметінше, құқық қорғау органдары әлеуметтік желілерді мониторингтеу барысында Еркебұлан Тоқтардың бейәдеп сөздер айтқан видеосын анықтаған.

«Танымал болу жауапкершіліктен босатпайды», – деп атап өтті прокуратура.

Осыдан кейін материал сотқа жолданып, Алматы соты спортшыны кінәлі деп таныды.

Еркебұлан Тоқтар – қазақстандық MMA файтері, кино актері және блогер. Ол спорттағы өнерімен қатар, әлеуметтік желідегі белсенділігімен де көпшілікке танымал. Биыл спортшы 30 жасқа толды.

Бұл оқиға да танымал тұлғалар үшін әлеуметтік желідегі әрбір әрекеттің құқықтық салдары болуы мүмкін екенін көрсетті.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button