Қоғам
Тренд

Өз халқына «азап» пен экономикалық күйреу тілеген мұғалім жұмыстан қуылды

Жекеменшік мектептерде хиджаб киюге тыйым салу жаңалыққа ашуланып, Қазақстанға «азап» пен экономикалық күйреу тілеген мұғалім жұмыстан қуылды, деп хабарлады tiek.kz.

Бұл туралы журналист Айсұлтан Жақыпов хабарлады. Айтуынша, Қарағанды облысының полиция басқармасы мұғалімнің әлеуметтік желідегі жазбасына қатысты ақпараттық тексеріс басталған.

Қазір жағдай бойынша тиісті тексеру жүргізіліп жатыр. Қарағанды облыстық Білім басқармасы да бұл ақпаратты растап, ның әлеуметтік желіде даулы жазбасы тараған мұғалім өз еркімен жұмыстан кеткенін мәлімдеді.

Журналист Айсұлтан Жақыповтың айтуынша, даулы жазба иесі Жарқын Әбдікәрім қарағандылық. «Қарағандыдағы Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-лицей-интернатында информатика пәнінен сабақ береді.

Мұғалім жекеменшік мектептердегі хиджабқа қатысты жаңалыққа ашуланып, эмоцияға берілгендіктен байқамай жазып жіберген.

«Ашуға беріліп кеттім. Өзім иманды болғаннан кейін бе, орамалға қатысты ақпарат болғаннан кейін бе, білмеймін. Кешегі орамалға байланысты жаңалықта жекеменшік мектептерде орамал тағуға рұқсат берсе, олардың лицензиясынан айыратыны айтылған. Содан кейін соған ашуланып, ашу үстінде жазып жібердім. “Қазақстанға азап келсін, осы экономикасы құрысын” деген сияқты сөздер ашу үстінде кетіп қалды. Негізі, олай айтқым келген жоқ. Сол себепті қазақ елінен кешірім сұраймын», – деп түсіндірген мұғалім журналиске.

Бұған қоса мұғалімнің өз балаларының мектепте хиджаб кимейтінін нақтылап, соған қарамастан жекеменшік мектептердегі орамалға қатысты шешімге не себепті ашуланғанын айтты.

«Қыз балаларым, тоғызда. Хиджаб кимейді, мектепте кимейді. Мемлекеттік мектептердегі шешім жарайды. Бірақ жекеменшік мектептер болғаннан кейін, онда сондай қатты қыспаққа алғандары менің қатты ашуыма тиді. Сол ғана», – дейді мұғалім.

Расы керек, бұл жағдай қоғам арасында үлкен қарсылық тудырып жатыр. Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбет мұндай әрекеттің ақтауға келмейтін тірлік екенін айтады. Айтуынша, өз еліңе жамандық тілеу, туған жеріңе қарғыс айту — қай қоғамда болсын адамгершілік қағидаттарына да, азаматтық ұстанымға да сыймайтын ауыр әрекет.

«Біз бәріміз іштей дауласып, әртүрлі пікір айтуымыз мүмкін, бұл – қалыпты жағдай. Бірақ Қазақстан азаматының өз еліне қарсы ой айтуы – қабылданбайтын әрекет. Өз еліңе жамандық тілеу немесе осындай теріс ойлар айту – ақылға қонымсыз, әрі бұл үшін жауапкершілік болуы тиіс. Әсіресе, бұл ағарту саласына қатысы бар адамнан шықса, мұны қалай түсінуге болады? Сондықтан бұл мәселе тексеріледі деп ойлаймын», — дейді депутат.

Бұған дейін желіде оқушыларға хиджаб киюге рұқсат берген мектептер лицензиясынан айырылуы мүмкін деген жаңалыққа «еліне қарғыс» айтқан пікірі тараған еді.

«Қазақстанға Алланың мықты бір азабы керек болып тұр. Күшті бір экономикалық зардап шегетін, экономикасы құлдырап кететін. Иә, Алла күйретші! Әмин», – делінген пікірде.

Бұл жазба әлеуметтік желіде тарап, арты қоғамдық қарсылыққа ұласып кеткен соң, Жарқын Әбдікәрім оны өшіріп тастаған.

Кейін «мен әдейі түрде қазақ еліне зияным тиіп кетсін деген жоқпын. Жай ғана ашуға тиіп кетті, сол себепті эмоцияға беріліп кеттім. Кешірім сұраймын қазақ елінен, барлық азамат-азаматшалардан», – деп Жарқын Әбдікәрім елден кешірім сұрады.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button