Қоғам

Қазақстанда треш-стриминг үшін заңнамалық жауапкершілікті күшейту ұсынылды

Қазақстанда әлеуметтік желілердегі тікелей эфирлерде қорлау, балағат сөздер айту және қауіпті пранктер ұйымдастыру жағдайлары жиілеп барады. Құрылтайдағы «Әділет» партиясы фракциясының депутаты Жарқынбек Амантайұлы осы мәселеге назар аударып, Үкіметке бірқатар ұсыныс жолдады, – деп хабарлайды Tiek.kz.

Цифрлық кеңістіктегі заңсыздықтар

Депутат Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Ішкі істер министрі Ержан Саденовке жолдаған сауалында TikTok, Instagram және басқа платформалардың аудиториясы жыл сайын артып келе жатқанын атап өтті. Алайда цифрлық кеңістіктің дамуымен қатар оның көлеңкелі тұстары да байқала бастаған. Стримерлердің кейбірі қаралым, лайк пен донат жинау үшін әдейі балағат сөз айтып, адамды қорлайды және қауіпті пранктер ұйымдастырады. Осылайша заңға қайшы әрекеттер ақша табудың құралына айналып отыр.

Шетелдік тәжірибе және депутаттың ұсыныстары

Депутат мысал ретінде Қытайда пранк жасағаны үшін жауапкершілікке тартылған Қазақстан азаматының жағдайын және АҚШ пен Еуропалық Одақтың (Digital Services Act) цифрлық кеңістікті реттеу тәжірибесіне тоқталды. Айтылған ұсыныстар сөз бостандығын шектеуге емес, керісінше сөз бостандығы мен жауапкершіліктің нақты шекарасын белгілеуге бағытталған.

Жарқынбек Амантайұлы Үкіметке төрт негізгі ұсыныс жасады:

  • «Треш-стриминг» ұғымын заңнамалық тұрғыдан нақты айқындап, зорлық-зомбылықты, қауіпті пранктерді, қорлау мен әдейі арандатушы әрекеттерді тікелей эфирде насихаттағаны үшін жауапкершілікті күшейту.

  • TikTok, Instagram, YouTube және басқа да платформалармен бірлесіп, құқыққа қайшы тікелей эфирлерді жедел анықтау, бұғаттау және олардың авторларын сәйкестендірудің тиімді тетігін қалыптастыру.

  • Азаматтарды олардың келісімінсіз эфирге шығару, сондай-ақ ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіру жағдайларында жәбірленушілердің құқықтарын қорғау тетіктерін күшейту.

  • Тікелей эфирлер мен әлеуметтік желілердегі құқыққа қайшы контентке тұрақты мониторинг жүргізетін бірыңғай мемлекеттік жүйе қалыптастырып, оның нәтижелері бойынша қоғамға ашық ақпарат беру.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button