Қоғам

«Білім алуға кедергі болмауы тиіс»: ҚМДБ Үкіметтің орамалға қатысты ұстанымына қарсы шықты

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы оқушылардың мектепке орамал тағып баруына қатысты өз ұстанымын жариялады.

«Ислам шариғаты бойынша балиғат жасына жеткен мұсылман қызға орамал тағу – парыз. Бұл мәселедегі діни үкім өзгермейді. ҚМДБ бұған дейін де осы ұстанымды ашық білдіріп, мектеп жасындағы қыздардың білім алуына кедергі клетірмей, діни міндетін орындауына мүмкіндік беретін оңтайлы шешім қабылдау жөнінде тиісті органдарға ұсыныстарын жеткізген», — деп хабарлады мүфтият.

Атап айтқанда, мектеп формасының жалпы үлгісі мен түсіне үйлесетін орамалға рұқсат беру ұсынылған.

«Біздің пайымымызша, оқушының орамал тағуы оның білім алуына кедергі болмауы тиіс. Сол секілді білім беру ұйымдарының мұсылман қыздардың діни ұстанымына түсіністік танытуы мектепті лицензиядан айыруға негіз болатын мәселеге айналмағаны жөн. Осы себепті ҚМДБ орамал тағуға мүмкіндік берген жекеменшік мектептерді лицензиядан айыру секілді қатаң шараларды қолдануды құптамайды», — дейді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында.

Басқармада зайырлылық — дінді жоққа шығару немесе азаматтың діни сенімін шектеу деген сөз емес екенін еске салып, орамалға тыйым салу және оны әкімшілік шаралар арқылы шешу қоғамдағы түсініспеушілікті ушықтыруы мүмкін екенін ескертті.

«Сондықтан ҚМДБ Оқу-ағарту министрлігіне және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдарға мектеп формасының талаптарын сақтай отырып, балиғат жасына жеткен мұсылман қыздардың орамал тағуына мүмкіндік беретін нақты құқықтық тетіктерді қарастыруды ұсынады», — деп жазылған мәлімдемеде.

Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова оқушыларға діни киім киюге рұқсат беретін жекеменшік мектептер лицензиясынан айырылуы мүмкін екенін айтқан еді.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button