Ауқымды кітап марафоны: «Яндекс Книги» сервисінде «Кітап оқитын ұлт» арнайы сөресі ашылды

Республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонының басталуына небәрі 7 күн қалды. Ауқымды жоба қарсаңында «Яндекс Книги» сервисінде қатысушыларға қажетті шығармалар топтастырылған арнайы цифрлық сөре пайда болды, – деп хабарлайды Tiek.kz.
Бүгінгі таңда бұл бастамаға 175 мыңнан астам қазақстандық тіркеліп үлгерген. Жобаның басты мақсаты — халық арасында кітапты жүйелі түрде оқу дағдысын қалыптастырып, әдебиетті күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдыру.
6 айда 15 кітап оқу қажет
Марафон қатысушыларын мазмұнды оқырмандық сапар күтіп тұр. Шарт бойынша қатысушылар 6 айдың ішінде 15 кітап оқуы тиіс (орта есеппен әр 10–12 күн сайын бір кітап). Оқу процесі барынша қолайлы болуы үшін ұйымдастырушылар мен жоба серіктестері заманауи цифрлық шешімдерді іске қосқан. Соның бірі — «Яндекс Книги» қосымшасындағы «Кітап оқитын ұлт» сөресі. Енді оқырмандар қажетті әдебиетті іздеп әуре болмайды, тізімдегі шығармалардың бір бөлігі бір жерде қолжетімді.
Қатысушыларға қандай мүмкіндіктер беріледі?
Серіктестік аясында марафоншыларға мынадай жағдайлар жасалған:
-
«Яндекс Книги» сервисін 30 күн тегін қолдану құқығы;
-
Жобаның бүкіл кезеңі бойы марафон бағдарламасындағы негізгі шығармаларды цифрлық және аудиоформатта тегін оқу және тыңдау;
-
Мәтін мен аудионы синхрондау, виртуалды баяндаушы және жасанды интеллект негізіндегі «Алиса» смарт-колонкалары арқылы кітапты кез келген жерде (жолда, серуенде, үйде) оқу немесе тыңдау.
Айта кетейік, бүгінде сервистің каталогында 250 мыңнан астам электронды және аудиокітап, комикстер мен подкасттар бар. Оның ішінде қазақ тіліндегі қор да қарқынды дамып келеді (2 500-ден астам шығарма қолжетімді).
Ұйымдастырушылар не дейді?
«Біз марафонға деген үлкен қызығушылықты көріп отырмыз. Қазірдің өзінде 175 мыңнан астам адам тіркелді және тіркеу әлі де жалғасуда. Қатысушылар басталар сәтке дайындалып, кітаптарын таңдап, оқу ырғағын жоспарлап жатыр. Арнайы сөренің пайда болуы барлық қажетті әдебиетті бірнеше рет басу арқылы қолжетімді етіп, бұл процесті едәуір жеңілдетеді», — деп атап өтті «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қорының атқарушы директоры Аян Сакошев.
«Yandex Qazaqstan» басшысы Тимур Шалекенов те бұл бастаманың маңыздылығына тоқталды:
«Біз үшін сапалы әдебиеттің адамдардың қай жерде тұратынына және қандай форматты қалайтынына қарамастан қолжетімді болғаны маңызды. Арнайы сөре қатысушылар қажетті шығармаларды оңай тауып, кітап оқуды өз өмірінің тұрақты әрі жағымды бөлігіне айналдыра алуы үшін жасалған».
Еске сала кетейік, марафонға тіркелу тағы 7 күнге созылады. Ал кітап оқудың ресми старты 2026 жылғы 15 қыркүйекте басталады.



