Қоғам

Тараздық педагогтер бүлдіршіндердің тілін дамытатын бірегей эко-ойыншықтар әзірледі

Тараз қаласындағы білім бөлімінің бастамасымен бүлдіршіндердің тілін дамытып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіретін эко-ойыншықтар мен әдістемелік жинақтар шығарылды, – деп хабарлайды Tiek.kz.

Бүгінде республика көлеміне танылып отырған бұл авторлық жоба Астана қаласында өтіп жатқан Жамбыл облысының «Асқақ рухты Әулиеата» көрме-жәрмеңкесінде көпшілікке таныстырылды. Келушілер әсіресе ағаштан жасалған, қазақы ою-өрнектері бар дамытушы ойыншықтарға үлкен қызығушылық танытқан.

Жоба қалай басталды?

Қазіргі таңда мектеп жасына дейінгі, әсіресе сөйлеу тілінде кешеуілдеуі бар және ерекше білім беруді қажет ететін балалардың дамуына баса назар аударылуда. Осы қажеттілікті өтеу мақсатында Тараздың тәжірибелі педагогтері мен әдіскерлері бірегей авторлық ойындар топтамасын жасап шығарды.

Бұл бастама 2024 жылы жүзеге асқан бес шағын жобаның («Біз кішкентай жұлдызбыз», «Жас техниктер», «Жасыл ел – жасыл балабақша», «Кел ойнайық, балақай», «Асыл мұра») негізінде дамытылып, нәтижесінде 200-ден астам жұмысқа ресми авторлық құқық алынды. Қазір бұл өнімдерді «Oina Toys» шағын цехы халыққа қолжетімді бағамен өндіруде.

Шетелдік пластикке балама және ұлттық тәрбие

Тараз қаласы білім бөлімінің әдіскері Гүлфайруз Естаеваның айтуынша, қаладағы 224 балабақшаның (74 мемлекеттік, 150 жекеменшік) барлығы дерлік осы элементтерді өз тәжірибесіне енгізген. Тіпті Атырау, Ақтау және Астана қалаларының мамандары да бұл тәжірибені жоғары бағалап, жұмыстарында қолданып жатыр.

«Бүгінгі бала тәрбиесінде ұлттық құндылықтарды ерте жастан сіңіру аса маңызды. Біздің өнімдерде ұлттық элементтер толығымен қамтылған; әр өрнекте, әр ойында қазақтың төл құндылықтары көрініп тұрады», – дейді Г. Естаева.

Жоба авторларының бірі Дариға Рамазанова бұл идеяның балаларды сапасыз шетелдік пластик ойыншықтардан қорғау мақсатында туындағанын атап өтті:

  • «Экспортпен келетін ойыншықтардың түстері мен сипаты кейде балаларды шатастырып жатады. Ал біздің таза ағаштан жасалған экологиялық ойындарымыз баланың санасында дұрыс түсінік қалыптастырады».

Гаджетке тәуелділікпен күрес және нейрожаттығулар

Тараз қаласындағы №17 бөбекжай-бақшасының әдіскері Меруерт Қожайбаеваның (Ахметқызы) сөзінше, әрбір әдістемелік кітапшада ата-аналарға арналған арнайы QR-код бар.

«Қазіргі балалардың көбі телефонға тәуелді, соның салдарынан сөйлеу тілі кешігіп дамиды. Ал бұл ойындар баланы екі қолымен жұмыс істеуге мәжбүрлейді. Нейрожаттығулар арқылы баланың ми жұмысы жақсарып, сөйлеу қабілеті артады».

№18 «Еркежан» балабақшасының әдіскері Айгерім Даирова да бұл әдістеменің тиімділігін растады. Оның айтуынша, ұлттық ою-өрнектер мен нейрожаттығулардың үйлесімі балаларды жалықтырмай, танымдық белсенділігін еселей түседі.

Алдағы жоспар: Инвесторлар іздестірілуде

Бүгінде барлық әдістемелік материалдар «Ерте даму институтының» сайтындағы «1000 ойын» платформасында жарияланған. Алайда, қолда бар шағын цехтың өндірістік қуаты шектеулі. Жоба жетекшілері отандық өндірісті ұлғайтып, сапалы эко-ойыншықтарды республиканың барлық өңіріне жеткізу үшін сенімді инвесторлармен және кәсіпкерлермен серіктестік орнатуға толық дайын екендіктерін жеткізді.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button