Спорт

Көшпенділер ойыны: Айкөркем дәстүрлі садақ атудан күміс жүлдегер атанды

VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында дәстүрлі садақ атудан Астана қаласының спортшысы Айкөркем Батихан күміс жүлдеге ие болды.

Бішкек және Шолпан-Ата қалаларында өтіп жатқан жарыста ол әйелдер арасындағы «Орта Азия» нысанасы бойынша 40 метр қашықтықтан сынға түсті. Бұл бәсекеге әлемнің 51 елінен 80-нен астам мерген қатысты.

Айкөркем Батихан іріктеу кезеңінен өтіп, финалға жолдама алды. Шешуші кезеңде астаналық спортшы 2-орын иеленіп, Қазақстан құрамасының қоржынына күміс жүлде салды.

Бүгін Астана спортшылары көшпенділер ойындарындағы жарыстарын жалғастырады. Тазы жарысында Алмас Оралбек «Сағым» атты тазысымен өнер көрсетеді.

11 шақырымдық жорға жарысына Алия Токтасынова, Наиля Советхан және Анатолий Шабаев қатысады. Мангала сайысында Гульнара Базаралиева, Құндыз Есіркеп және Биғали Зкрияев бақ сынауда.

Осылайша, Қырғызстанда өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан құрамасының спортшылары ұлттық спорт түрлерінен үш күн ішінде 12 алтын, 7 күміс, 5 қола медаль – барлығы 24 медаль жеңіп алды.

Ойындар 6 қыркүйекке дейін жалғасады.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button