Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік барлық маңызды саланы қамтыды — Тоқаев

Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас бұрын-соңды болмаған жоғары деңгейге жетті. Астана Бейжіңмен мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтып, оны жаңа мазмұнмен толықтыруға дайын. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қытайлық «Синьхуа» ақпарат агенттігіне берген жазбаша сұхбатында мәлімдеді деп хабарлайды Tiek.kz.
Президент қос мемлекетті ортақ шекара мен сан ғасырлық тату көршілік тарихы байланыстыратынын ерекше атап өтті.
«Қазақ халқы «Жолы бірдің – жүгі бір» дейді. Екі ел арасындағы дәл осындай қарым-қатынас халықтарымыздың түпкі мүдделеріне сай келеді әрі бүкіл Еуразия кеңістігіндегі бейбітшілік пен тұрақтылықты қамтамасыз ететін маңызды фактор саналады», – деді Президент.
Рекордтық тауар айналымы және ауқымды серіктестік
Мемлекет басшысының сөзінше, бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық серіктестік шын мәнінде жан-жақты сипатқа ие болды. Ол сауда, инвестиция, энергетика мен көліктен бастап, цифрландыру, ғылым, білім және мәдениетке дейінгі барлық негізгі саланы қамтып отыр.
Екіжақты сауда-саттық жаңа рекордтық көрсеткішке жетіп, Қытай Қазақстанның сыртқы сауда серіктестері арасында бірінші орынға шықты.
Орта дәліз және логистикалық әлеует
Қазақстан Шығыс пен Батысты жалғап жатқан транзиттік әлеуетін толыққанды пайдалануда. Президент басты басымдықтардың бірі ретінде Транскаспий халықаралық көлік бағытын (Орта дәліз) дамытуды атады.
Осы орайда қолға алынған негізгі жұмыстар:
-
«Бір белдеу, бір жол» мегажобасын дамыту;
-
Жаңа теміржол желілерін салу және құрғақ порттарды кеңейту;
-
Шекаралық инфрақұрылымды жаңғырту;
-
«Ақылды кеден» жүйесін енгізіп, құжат айналымын цифрландыру.
Жасанды интеллект және технологиялық альянс
Қазақстанда 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияланған. Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхайда өткен Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференцияда Қытайдың жетекші IT-компанияларымен мазмұнды келіссөздер жүргізгенін еске салды.
«Биыл шілде айында Қазақстан Шанхайда Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйымның (WAICO) негізін қалаған 29 мемлекеттің қатарына қосылды. Бұл – жасанды интеллект саласында мемлекеттердің күш-жігерін үйлестіретін ашық әрі тиімді жүйе қалыптастырудағы маңызды қадам», – деп атап өтті ол.
Геосаясат және «Шанхай рухы»
Халықаралық аренада екі ел БҰҰ, ШЫҰ және АӨСШК аясында ұқсас ұстанымдарды басшылыққа алып, тығыз ықпалдасып келеді. Қазақстан «Біртұтас Қытай» саясатын берік ұстанады және «Орталық Азия – Қытай» форматын толық қолдайды. Сонымен қатар Президент биыл құрылғанына 25 жыл толған Шанхай ынтымақтастық ұйымының халықаралық ынтымақтастықтың «стандартына» айналғанын баса айтты.
Туризм мен мәдениеттегі серпіліс
Келесі жылы Қазақстан мен Қытай арасында дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толады. Ал 2026 жылы қос мемлекеттің ортақ «Мәдениет жылын» өткізуі халықтар арасындағы байланысты одан әрі бекіте түсті.
Екі ел арасындағы гуманитарлық және туристік ынтымақтастықтың айқын нәтижелері:
-
Қытайда ондаған мың қазақстандық студент білім алуда, ал Қазақстанда қытайлық жастардың саны артып келеді;
-
Елімізде Қытайдың жетекші университеттерінің филиалдары мен «Лу Бань шеберханалары» табысты жұмыс істеп тұр;
-
Өзара визасыз режимнің арқасында 2025 жылы Қазақстанға келген қытайлық туристер саны 962 мың адамға жеткен (бұл 2024 жылмен салыстырғанда 47%-ға көп).
«Қытайлық достарымызға Қазақстанда етене танысатын дүние жеткілікті. Ал Қазақстан бүгінде даму жолында таңғаларлық үлгі көрсетіп отырған Қытайды зор қызығушылықпен танып-біліп келеді», – деп түйіндеді Мемлекет басшысы.



