Непалдағы су тасқыны: хабар-ошарсыз кеткен Қазақстан азаматтарының саны үшеуге жетті
Қытай билігі екінші рет су тасқыны болуы мүмкін екенін айтып, дабыл қағып отыр.

Непал мен Қытай шекарасындағы табиғи апат аймағында тағы бір отандасымыз қалып қойған. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі мәлімдеді.
СІМ өкілінің айтуынша, қазақстандық дипломаттар екі елдің мемлекеттік органдарымен байланыста жұмыс істеп жатыр. Қазақстан азаматтарын іздестіру жұмыстары жалғасуда.
Бұған дейін жоғалған туристер қатарында Қазақстанның екі азаматы бар деген ақпарат тараған еді.
жоғалған екі әйел де табиғи апат болған аумақта болуы мүмкін. Олардың бірі апаттан кейін Непалдан Қытайға өткен туристік топтың құрамында болған. Қазіргі уақытта оның жүрген жерін анықтау мүмкін болмай отыр.
Дипломаттар жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесіп іздестіру жұмыстарын жүргізіп, жоғалған азаматтардың туыстарымен тұрақты байланыста.
Соңғы мәліметтер бойынша, Непалдағы жойқын су тасқынынан зардап шеккен аймақтардан 579 адамның денесі табылды. Сонымен қатар Непалдың төтенше жағдайлар қызметтері әзірге 1924 адамның қайда екенін анықтай алмай отыр. Олардың 575-і шетел азаматтары. Қытай билігі елдің Тибет аймағында тағы 500-ден астам адамның хабар-ошарсыз кеткенін мәлімдеді.
Қытай билігі екінші рет су тасқыны болуы мүмкін екенін айтып, дабыл қағып отыр.



