Заң үстемдігі

«Заң мен тәртіп»: елордалық саябақтарда профилактикалық рейд жүріп жатыр

Елордада тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қаланың санитарлық тазалығын сақтау және әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық рейдтер тұрақты түрде жүргізіліп келеді.

Қала әкімдігі мен полиция департаментінің бірлескен осындай жұмыстарының нәтижесінде елордамыздың келбеті жақсарып, тұрғындар үшін біршама қауіпсіз орта қалыптасып отыр.

Елорда әкімдігінің ресми сайты Триатлон паркінде «Заң мен тәртіп» қағидаты және «Таза Қазақстан» акциясы аясында қоғамдық тәртіпті сақтау, аумақтың тазалығын қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған профилактикалық рейд өткенін хабарлады. 

Рейд барысында әкімдік пен құқық қорғау органдарының қызметкерлері саябаққа келген тұрғындар мен қала қонақтарына түсіндіру жүргізді. Мамандар қоғамдық орындарда белгіленген тәртіпті сақтау, демалыстан кейін қоқысты жинау, аумақты ластамау, сондай-ақ белгіленбеген орындарда от жақпау қажеттігін атап өтті.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Алматы ауданындағы саябақтарда апта сайын профилактикалық рейдтер өткізіледі. Атап айтқанда, Жерұйық және Триатлон парктері – ауданымыздағы адамдар көп жиналатын ірі демалыс орындары. Мұнда тұрғындар көкке шығып, пикник ұйымдастырып, кей жағдайда белгіленген ережелерді бұзып, қоқыс тастап жатады. Осындай әрекеттердің алдын алу мақсатында профилактикалық рейдтер жүргізіп, тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргіземіз», – деді Алматы ауданы әкімдігі Ішкі саясат бөлімінің бас маманы Алтынай Мұсаева.

Сонымен қатар рейд барысында учаскелік полиция инспекторлары қоғамдық тәртіпті сақтау және тазалық талаптарының орындалуына бақылау жүргізіп келеді.
«Біз белгіленген учаскелік аумақта күн сайын профилактикалық рейдтер өткіземіз. Мұндағы басты мақсат қала тұрғындарын тазалық сақтауға бейімдеу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және қоршаған ортаның ластануына жол бермеу.

Әсіресе саябақтар мен демалыс орындарында азаматтардың қоқысты белгіленбеген жерге тастамауына, табиғи аумақтарға зиян келтірмеуіне және белгіленбеген орындарда от жақпауына назар аударамыз. Әр тұрғын қаланың тазалығы мен қоғамдық тәртібін сақтауға өз үлесін қосуы керек. Жыл басынан бері ҚР ӘҚБтК-нің 505-бабы бойынша 2691 құқық бұзушы, ал ҚР ӘҚБтК-нің 434-2-бабы бойынша 30-дан астам құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деді Астана қаласы Алматы ауданы Полиция басқармасы №4 учаскелік полиция пунктінің жұмысын ұйымдастыруға жауапты аға инспекторы Нұралы Тәңірбергенов.

Айта кетейік, Триатлон-паркте мұндай профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп келеді. Рейдтер «Заң мен тәртіп» қағидаттарын нығайтып, «Таза Қазақстан» бастамасы аясында қалалық ортаның тазалығын сақтауға бағытталған.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button