БАӘ-де көз жұмған апалы-сіңлілердің отбасы марқұмдардың денесін елге әкеле алмай отыр

Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласында қаза тапқан Ақжан мен Жұлдыз Бохановалардың отбасы қыздардың денесін Қазақстанға жеткізе алмай отыр. Бұл туралы КТК телеарнасы хабарлады.
Қосшы қаласының тұрғындары болған апалы-сіңлілер БАӘ-ге жұмыс істеу үшін барған. Олар Шарджада сұлулық саласында еңбек етіп, тырнақ әрлеу және қас жасау қызметін көрсеткен.
Туыстарының айтуынша, қыздар Қазақстанға қайтуға дайындалып, қажетті құжаттарын рәсімдеп жүрген. Алайда 18 тамызда ата-анасына соңғы рет дауыс хабарламасын жібергеннен кейін байланыс үзілген:
«Сәлем мама, бізде бәрі жақсы, салқын тиіп, тамағым ауырып тұр, кейінірек хабарласамын».
Жақындары қыздардан хабар болмаған соң екі күннен кейін алаңдап, Қазақстанның дипломатиялық өкілдігіне жүгінген. Кейін олардың пәтерден өлі табылғаны белгілі болды.
Меңсұлу Боханова, марқұмдардың әпкесі:
«23 күні хабарласып, өкінішке қарай, екеуінің өлі денесі пәтерден табылды. Жаңа құжаттарымен солар екені расталды. Неден өлгенін, себебін білмейміз».
Туыстарының сөзінше, әзірге Ақжан мен Жұлдыздың нақты неден және қандай жағдайда қаза болғаны белгісіз. Марқұмдардың әкесі күдікті адамның ұсталғаны туралы ақпарат естігенін, алайда оқиғаның егжей-тегжейі айтылмағанын жеткізді.
Мейрам Боханов, марқұмдардың әкесі:
«Пәтерден екеуі табылды. Күдікті адам ұсталынды деді. Ал ол не болды, қалай болды, айтылмады. Екеуі кішкентай қыздар, соншама не істеп қойды? Ұл бала болса, төбелесті дейді, ал енді екі қыз бала соншама не істеп қойды?! Мен соны білгім келеді. Неге ертерек хабарламады? Бір жұмадан кейін».
Отбасының айтуынша, қыздардың бірі мектепті «Алтын белгіге» аяқтаған, ал екіншісі домбыраны шебер меңгерген. Бұл олардың Шарджаға екінші мәрте жұмыс істеуге баруы болған.
Апалы-сіңлілер былтыр желтоқсан айында БАӘ-ге аттанған. Кейін Қазақстанға оралуды жоспарлағанымен, белгілі бір себептерге байланысты сапары кейінге шегерілген.
Меңсұлу Боханова, марқұмдардың әпкесі:
«Өздері елге қайтқысы келді. Бәрі жақсы болды. Ешқандай қысым көрген жоқпын. Көңіл-күйінен де бірдеңе болғанын көрген жоқпын. Енді білмеймін, екеуіне бірдей қандай жағдай болуы мүмкін?!»
Қазір отбасының басты мақсаты – Ақжан мен Жұлдыздың денесін Қазақстанға жеткізіп, туған жерінде жерлеу. Марқұмдардың жақындары Сыртқы істер министрлігі тарапынан тиісті деңгейде ақпарат ала алмай отырғандарын айтып, наразылық білдірген.
Ал Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі отбасына қажетті көмек көрсетіліп жатқанын мәлімдеді.
ҚР Сыртқы істер министрлігі:
«Қазақстан Республикасының Дубай қаласындағы Бас консулдығы қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетуде, оның ішінде тиісті құжаттарды рәсімдеуге және Қазақстан азаматтарының қаза болу мән-жайына қатысты Әмірліктердің құзыретті органдарымен өзара іс-қимыл жасауға жәрдемдесуде. ҚР СІМ қаза болғандардың отбасыларымен тұрақты байланыста және өз құзыреті шеңберінде оларға қажетті көмек көрсетуде».
Қазір қыздардың қаза болуына қатысты сараптамалардың қорытындысы күтіліп отыр. Туыстық қатынасты ресми түрде растау және қажетті рәсімдерден өту үшін марқұмдардың әкесі Шарджа қаласына аттанбақ.
Осы рәсімдер аяқталғаннан кейін ғана Ақжан мен Жұлдыздың денесін Қазақстанға жеткізу мәселесі шешілмек.



