Сайлау - 2026Саясат
Тренд

Құрылтай: Ел тарихындағы оныншы парламент сайлауы

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет парламент сайлауы 1994 жылы өткен еді.

Бүгін елімізде Құрылтай сайлауы өтіп жатыр. Бұл — Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері өтіп отырған оныншы парламент сайлауы.

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет парламент сайлауы 1994 жылы өткен еді. Ол кездегі заң шығару органы бір палаталы парламент әрі Жоғарғы кеңес деп аталды.

1995 жылы жаңа Конституция қабылданып, оған сәйкес Мәжіліс және Сенаттан құралған екі палаталы парламент жасақталды. Жаңа құрылым 1996 жылы жұмысына кірісті.

Содан бері екі палаталы парламент тарихында сегіз рет сайлау өткізілді.

Соңғы сегізінші шақырылымдағы парламент 2026 жылдың 1 шілдесіне дейін, яғни президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен әзірленген жаңа Конституция күшіне енгенге дейін қызмет атқарды. Конституциялық реформаға сәйкес, Қазақстан Парламенттің екі палаталы құрылымынан бір палаталы заң шығарушы органға ауысты. Бір палаталы жаңа парламент Құрылтай деген атауға ие болды.

Бүгін ел тарихында алғаш рет Құрылтай депутаттарын партиялық тізім бойынша сайлап жатыр. Сайлау өте белсенді, креативті өтіп жатыр.

Құрылтай сайлауына ең бірінші болып, «Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай дауыс берді. Ол дауыс беру барысында азаматтардың сайлауға қатысуы және азаматтық жауапкершілік танытуы аса маңызды екенін атап өтті.

Екінші болып, «Ауыл» партиясының төрағасы Қайрат Айтуғанов дауыс берді. Ол Иманбаев көшесі, 4 мекенжайында орналасқан № 83 сайлау учаскесінде өз таңдауын жасады. Айтуынша, бүгіннен бастап жаңа Қазақстан басталады.

«Бұл сайлаудың ерекшелігі — біз барлық аймақты — 20 облыс пен 2100-ден астам ауыл мен қаланы қамтыдық. Біздің кандидаттарымыз халықпен белсенді түрде кездесті. Осы айда қанша кездесу өтті және қоғам сайлауға деген белсенділігін көрсетті», — деп атап өтті Қайрат Айтуғанов.

Қазақстан Халық партиясының (ҚХП) төрағасы Нұрсұлтан Шоқанов Ұлттық академиялық кітапхана ғимаратында орналасқан Құрылтай сайлау учаскесінде дауыс берді. Партия басшысының айтуынша, ел жаңа саяси өзгеріс алдында тұр.

«Мемлекет басшысы бастаған осындай ауқымды өзгерістердің куәгері әрі қатысушысы болу бәріміз үшін үлкен мәртебе. Біз Конституцияны қабылдадық, енді Құрылтай сайлауы өтіп жатыр. Бұл – тарихи күн. Сондықтан бүгінгі күннен де барлық қазақстандықтар ұтады деп есептеймін», – дейді ол.

«Байтақ» партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев та Құрылтай сайлауында өз таңдауын жасады. Қызық болғанда, Әміртаев мырза өз сайлау учаскесін шатастырып алып, біраз жүріп қалды. Бірақ оны жақсы ырымға балағанын айтады. Сайлауалды жұмыстар барысында халықпен тығыз байланыс орната білгенін атап өтті.

«Кездесулер барысында халыққа импулс бердік, сенім сыйладық. Бүгін түс көрдім, маңайымыз толған адам екен. Бұйырса, бәрі жақсы болады. Адамдар партиямызға дауыс береді деді», — деп атап өтті ол.

ЖСДП төрағасы Асхат Рахимжанов № 332 Құрылтай сайлау учаскесінде дауыс берді. Айтуынша, партияның жеңістен үміті бар.

Азаматтық таңдауымды жасап, дауыс бердім. Халықты айтулы күнмен құттықтаймын. Бұл күн үлкен тарихтың бастауы болғалы тұр», — деді төраға.

Respublica партиясының төрағасы Айдарбек Қожаназаров Астанадағы №101 мектеп-лицейінде орналасқан №256 сайлау учаскесінде Құрылтай сайлауында дауыс берді.  Айтуынша, әуелсіздік шежіресіндегі алғашқы Құрылтай сайлауының тарихи мәні зор, жөні бөлек.

«Ел болашағын айқындайтын маңызды кезеңнің бастауында тұрмыз. Президентімізбен, халқымызбен бірге жаңа тарихты жазып жатырмыз. Қазақстан жаңа дәуірге қадам басып отыр. Қуатты, прогрессивті, әділетті Қазақстан дәуірі басталсын! Еліміздің қадамы құтты болсын!», – деді Айдарбек Қожаназаров.

«Ақ жол» партиясының төрайымы Дания Еспаева Құрылтай депутаттарын сайлауында ең соңғы болып өз таңдауын жасады. Ол бүгінгі күнді ел тарихындағы маңызды кезең деп атады.

«Бүгін қазақ елі үшін үлкен мереке деп ойлаймын. Тарихымызда алғаш рет Құрылтайға сайлау өтіп жатыр. Халқымыз өзінің белсенділігін көрсетіп, сайлауға келіп, өз таңдауын жасайды деп ойлаймын», — деді Дания Еспаева.

Құрылтайдағы 145 депутаттық орынға Қазақстанның 7 саяси партиясы таласып жатыр. Олар – «Әділет», «Ауыл», «Ақ жол», Жалпыұлттық социал-демократиялық партия, «Байтақ», Қазақстанның халық партиясы және Respublica партиялары.

Сайлау бюллетенінде «Барлығына қарсымын» деген нұсқа да қарастырылған.

Құрылтай – Қазақстандағы жаңа бір палаталы заң шығарушы орган. Оның депутаттары 5 жыл мерзімге сайланады. Сайлаудан кейін депутаттар Құрылтай төрағасы мен оның 3 орынбасарын сайлайды.
Жаңа Парламент толық қалыптасқаннан кейін Үкімет өз өкілеттігін Құрылтай алдында тоқтатады.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button