«12 жасымнан бүркіт баптаймын»: Айшолпанның сіңілісі де құсбегілік жолға түскен
«Құсымның аты – Аққанат» деген Сәйгүлік Нұрғайыпқызы өзі баптап өсірген қыранын алдағы уақытта өз бетінше қасқырға салып көрмек. Әзірше Аққанатымен қоян, түлкі аулап жүргенін айтады.

Ақмола облысының Зеренді ауданына қарасты Айдарлы ауылында халықаралық «Қансонар-2026» құсбегілік турнирі өтті.
Мәсіп Батырханұлының есімімен аталатын дәстүрлі додаға қазақ саятшылары ғана емес, әлемнің төрт мемлекетінен құсбегілер келіп қатысты. Нақты айтқанда, Түркия, Ресей, Қытай және Моңғолиядан келген құсбегілер бүркіт, қаршыға және ителгі баптаудан бақ сынасты.
Жарыстың алғашқы күні бүркітшілер өзара сайысып, қыран баптаудағы шеберліктерін көрсетті. Олар «Қолға шақыру» және «Түлкіге салу» секілді бірнеше кезеңнен тұрды.
Келесі күні ителгі мен қаршыға бағыттары бойынша жарыстар ұйымдастырылды.

Айтпақшы, бұл жарыстан әлемге белгілі бүркітші қыз Айшолпанның әкесі Нұрғайып Ыдырысұлын көріп қалдық. Нұрғайып ақсақал бұл жолы да жасына қарамай, жарысқа қатысуға бел буғанын айтады. Ақсақал екі жасар бүркітін алып келген екен.
Ол құсбегілікпен 46 жылдан бері айналысады және «Қансонар» турниріне төртінші рет қатысып отыр. Айтуынша, оның жеті атасы да бүркітші болған.
Қызығы, бұл жарысқа Айшолпаннан кейінгі қызы Сәйгүлік те бақ сынап жатыр екен. Нұрғайып ақсақал қызының да ата жолын қуып, бүркітші болуға бел буғанын айтты. Бетінен қақпай, батасын беріп, бар білгенін үйретіп, жарыстарға ертіп шыға бастаған.
Сәйгүлік Нұрғайыпқызы да болашақта әпкесі Айшолпан тәрізді әлемге танымал бүркітші болғысы келеді. Сәйгүлік жарысқа өзінің «Аққанат» атты бүркітін алып келіпті.
«Қолымдағы құстың аты – Аққанат. Қазір бір жарым жаста. Балапан кезінен баптаған құсым. Осы жарысқа арнайы алып келдім. 12–13 жасымнан бері бүркітшілікпен айналысамын. Жеті атамнан бері құсбегілікпен келе жатырмыз. Әпкем, ағам – барлығымыз осы өнермен айналысамыз. Бүркіт – отбасымыздың бір мүшесі. Оған өз туғанымыздай қараймыз», – дейді ол.

Айтуынша, жас кезінен бүркітпен түлкі алып өскен. Бір рет әкесінің көмегімен қасқыр аулап, арқар да салып көрген. Құсбегі Аққанаттың болашағынан үлкен үміт күтетінін айтып, өзі баптап өсірген қыранын алдағы уақытта өз бетінше қасқырға салып көрмек. Әзірше Аққанатымен қоян, түлкі аулап жүр.
Турнирдің тағы бір қатысушысы – Түркиядан келген Мутлу. Ол Қазақстанға алтыншы рет келіп отыр екен. Жарысқа ителгісін алып келіпті. Айтпақшы, жарыстарға қатыса жүріп қазақ тілін де үйреніп алған. Құсымен қазақша сөйлеседі екен.
«Мен Қазақстанды өте жақсы көремін. Қазақ достарыммен бірге болу мен үшін жарысқа қатысудан да маңызды», – дейді ол ағынан жарылып.
Ол сондай-ақ құсбегілік өнерді түркі халықтарына ортақ көне дәстүр ретінде танитынын айтады. Саятшылық өнері қазақтар мен қырғыздар арасында ғана емес, Түркиядағы түркі қауымдастықтары арасында да сақталған.

Ресейден келген құсбегі Ақжолмен де тілдесудің сәті түсті. Ол Ресейдің Таулы Алтайынан келіпті.
«Өзіміздің федерациямыз бар. Екінші жылы келіп қатысып жатырмын. Қаршыға саламын. Қазақстан еліне алғыс айтамын, Тәуелсіздік күні құтты болсын», – деп қазақ бауырларына ризашылығын білдірді.
Турнирдің ең жас қатысушысы – Жансерік Тастанбек. Бар болғаны сегіз жастағы ақмолалық жас құсбегі бес жасынан ителгі баптайды.
«Жарыстарда осы өзім баптаған ителгіммен бірінші oрын алғым келеді. Атам оны балапан кезінде 80 мың теңгеге сатып алып берген. Өзім баптап, өсірдім. Аты – Бұршақ. Себебі тұмсығы, тырнағы әдемі, күшті. Жақсы көретін тамағы – кептер. Кептер аулап жейді», – дейді Жансерік.
Ақмола облысы әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев бұл турнирдің Зеренді жерінде өтуі үлкен абырой әрі мәртебе екенін атап өтті.
«Қонақжай жеріміз үшін осындай ірі спорттық доданы өткізу – үлкен абырой әрі мәртебе. Бүгінгі жарыс еліміздің басты ұлттық мерекесі – Республика күні қарсаңында өтіп отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттық спортты дамытуға және халқымыздың дәстүрлі мұрасын сақтауға ерекше мән беріп келеді. Қазақ халқы үшін шеберлік пен шыдамдылықты талап ететін құсбегілік өнерінің орны ерекше, бұл – ұлттық мәдениеттің маңызды бөлігі», – дейді Досұлан Айтбаев.
Ақмола облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ардақ Төлендиннің айтуынша, бұл жарыстың басты ерекшелігі – Республика күні қарсаңында төрт мемлекеттен спортшылардың келіп қатысуында.

«Халықаралық «Қансонар-2026» турнирі 1998 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келеді және оның халықаралық дәреже алғанына бес жыл болды. Биылғы сайысқа Ресей, Моңғолия, Қытай және Түркиядан спортшылар келіп, барлығы 10 өңірден 80 спортшы бақ сынауда. Олардың арасында халықаралық дәрежедегі спортшылар, Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері бар, деңгейі өте жоғары. Жарыстың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарымызды насихаттау және құсбегілік саятшылықты халықаралық деңгейде әрі қарай дамыту.
Бұл жарыс Ақмола облысының әр өңірінде жыл сайын кезекпен өткізіледі. Мысалы, 2025 жылы Сандықтау ауданында өтсе, биыл Зеренді ауданында өтіп жатыр, ал келесі жылы Бурабай ауданында өтеді.
Жалпы Ақмола облысы құсбегілердің қара шаңырағы саналады. Себебі 1998 жылы алғаш рет осы Ақмола өңірінде облыстық деңгейде құсбегілердің сайысы ұйымдастырылды. Облыстық деңгейде басталған алғашқы сайыс кейін республикалық, ал бүгінгі күні халықаралық дәрежеге жетті.
Қазіргі уақытта облысымыздағы 10 спорт мектебінде ұлттық спорт түрлері бойынша құсбегілік үйірмелері жұмыс істейді. Шетелден келген спортшылардың бұл спорт түріне деген қызығушылығы өте жоғары. Тіпті олар алдағы уақытта біздің спортшылармен бірге ертерек келіп, оқу-жаттығу жиындарын өткізу туралы ұсыныстар айтуда», – дейді басқарма басшысы.
Ол сондай-ақ аталмыш шараның Ақмола өңірінен шыққан белгілі құсбегі Масұп Батырхановтың рухына арналып отырғанын айта кетті.
«Ол кісі кезінде Ақмола облысында құсбегілікті дамытып, Мәскеудегі ВДНХ көрмесіне қатысып, бұл өнерді кеңінен насихаттаған еді. Масұп Басырхановты құсбегілік мамандарының көбі таниды және ол осы спорт түрін кең көлемде, соның ішінде шетелге таныстырған алғашқы тұлғалардың бірі болатын.
Сол Мәсіп Батырханұлы салып берген дәстүр үзілген жоқ. Ақмола облысында бұл жарыс жүйелі түрде, жыл сайын ұйымдастырылып келеді. Былтырғы жылдары бас жүлдеге көлік тігілсе, биыл үш номинация бойынша ақшалай сыйлықтар беріледі. Сонымен қатар қосымша түрлер бойынша да жүлдегерлер марапатталады», – дейді Ардақ Төлендин.

Халықаралық дәрежедегі төреші Марат Қойшиннің айтуынша, биылғы турнирге тәжірибелі құсбегілермен қатар Азия және әлем чемпиондары, сондай-ақ Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының чемпиондары мен жүлдегерлері қатысып жатыр. Оның сөзінше, жарыстың халықаралық ауқымы ұлттық құсбегілік өнерге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көрсетеді.
Турнирге қатысушылардың қатарында Алматы қаласынан келген Арман Құшқаров та бар. Ол құсбегілік өнерді бала кезінен әкесіне қарап үйренген. Қазір жарысқа «Медеу» атты бүркітімен қатысып отыр. Бұл қыран Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында Қазақстан атынан өнер көрсетіп, күміс жүлдеге ие болған екен.
«Құсбегі үшін ең маңыздысы – қыранның мінезін түсіну. Әр бүркіттің өзіндік ерекшелігі бар, сондықтан олардың бәріне бірдей тәсіл қолдануға болмайды. Құстың мінезіне қарай баптау әдістерін де өзгерту қажет», – дейді Арман Құшқаров.

Екі күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша үш бағытта жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды:
Бүркіт бағыты:
І орын – Уәлихан Шыңғыс (Ақмола облысы)
ІІ орын – Тастанбек Байрақ (Ақтөбе облысы)
ІІІ орын – Жандарбек Сағидуллаев (Алматы қаласы)
Қаршыға бағыты:
І орын – Берікболсын Жалғасұлы (Жамбыл облысы)
ІІ орын – Ерасыл Серікбекұлы (Астана қаласы)
ІІІ орын – Ақжол Карчиганов (Ресей)
Ителгі бағыты:
І орын – Теміралі Төлегенұлы (Қарағанды облысы)
ІІ орын – Ерлан Кенжетаев (Ақмола облысы)
ІІІ орын – Мутлу Кызылбуга (Түркия)



