Қазақстан АЭС салуға неге енді кірісті?

Қазақстанда атом электр стансасын (АЭС) салу мүмкіндігі бұрыннан болғанымен, бұл қадам ұзақ жылдар бойы кейінге қалдырылды. Негізгі себеп – Семей ядролық полигонының зардабын көрген халықтың бойындағы радиофобия. Тарихи, саяси және әлеуметтік факторлар да әсер етті. Дегенмен, былтырғы референдумда көпшілік АЭС салуға қолдау білдірді. Бұл тақырып «Жібек жолы» арнасындағы «Жаһан жайы» бағдарламасында қозғалды

Бүгінде Қазақстан уран өндірісі бойынша әлемде бірінші, қоры жөнінен Австралиядан кейін екінші орында. Елде ядролық физика, отын өндірісі мен зерттеу реакторлары бар, білікті мамандар жеткілікті.


Әлемдік ядролық энергетика: саясат пен қауіпсіздік

Қазіргі таңда әлемде 30-дан астам елде 400-ден астам реактор жұмыс істейді. Көш басында АҚШ (94 реактор), Қытай (56), Франция (56), Ресей (36), Жапония (33).
Ядролық энергетика электр энергиясын көміртек қалдығынсыз өндірудің ең қуатты жолдарының бірі саналады. Франция, Бельгия, Швеция, Швейцарияда электр энергиясының басым бөлігі АЭС арқылы өндіріледі.

Ядролық қаруды иеленген елдер саны небәрі тоғыз: АҚШ, Ресей, Қытай, Франция, Ұлыбритания, Үндістан, Пәкістан, Израиль және Солтүстік Корея. Қазақстан 1990-жылдары ядролық қарудан ерікті түрде бас тартып, бейбіт атом саясатын таңдады.


Қазақстандағы алғашқы АЭС жобасы

Президент тапсырмасымен елде бір емес, үш АЭС салу жоспары бар. Алғашқысы Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылында бой көтермек. Жоба бойынша:

  • Бас мердігер – Ресейдің «Росатом» корпорациясы;
  • Екінші АЭС бойынша Қытайдың China National Nuclear Corporation компаниясымен келіссөздер жүріп жатыр;
  • 2025 жылдың тамызында инженерлік-ізденіс жұмыстары басталады;
  • Жобалау-сметалық құжаттама екі жылда дайын болады;
  • Құрылыстың басталуы – 2029 жыл.

Су-сулы реактор: қауіпсіздік және Балқаш мәселесі

Қазақстан таңдаған технология – су-сулы реактор. Оның басты артықшылықтары:

  • Әлемдегі реакторлардың 70%-ы осы үлгіде;
  • Қысым қауіпі төмен, салқындату мен қыздыру бөлек жүйелерде жүреді;
  • Энергия тиімділігі жоғары, бір түйіршік уран 400 кг көмірге тең қуат береді;
  • 50–60 жыл үздіксіз жұмыс істей алады.

Балқаш көлінің суы азаяды деген қауіп те жиі айтылады. Жоба авторларының айтуынша, арнайы градернялар орнатылады, бұл суды тұтынуды едәуір азайтады. Статистика бойынша, Балқаштың табиғи булануы жылына шамамен 19 млрд м³ болса, АЭС-тен шығатын бу көлемі небәрі 60 млн м³ болады.


Энергетикалық әртараптандыру – басты мақсат

Сарапшылардың айтуынша, бір ғана энергия көзіне тәуелді болу – экономикалық және саяси қауіп. Сондықтан Қазақстан көмір, газ, гидроэнергетика, жаңартылатын энергия және атом энергетикасын қатар дамытуды көздеп отыр.

Курчатовтағы Ядролық технологиялар паркі мамандары Қазақстанның сейсмикалық және климаттық тұрғыдан АЭС үшін қауіпсіз аймақ екенін айтады. Сонымен қатар, қауіпсіздікті халықаралық МАГАТЭ қадағалайды.

Бақытнұр Әлібайhttp://tiek.kz
Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Өзге де материалдар ―