Әл-Фарабидегі апаттың шындығын айтқан заңгер қамауға алынды
Молдахан Әділетхан үш адамның өмірін қиған Әл-Фарабаи даңғылындағы жол-апатына қатысты болжамдар айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялаған еді.

Заңгер әрі блогер Молдахан Әділетхан қамауға алынды деген ақпарат тарады, деп хабарлайды tiek.kz.
Алматы полициясы заңгер Молдахан Әділетханның ұсталып, қамауға алынғанын растады.
Заңгердің ұсталғанын оның көмекшілері хабарлады. Олардың сөзінше, Әділетхан ұсталғаннан кейін оның соңынан бес адвокат барған. Алайда заң өкілдері әріптесімен көрісудің қиынға соғып жатқанын айтты.
Желіде тараған бұл ақпаратқа қатысты полиция пікір білдірді.
“М. есімді азаматқа қатысты алдын ала тергеу тіркелді. Ол әдейі жалған ақпарат таратқаны үшін күдікті ретінде уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – деп мәлімдеді полиция.
Алайда оның қандай жалған ақпарат таратқаны нақты айтылмады.
Айта кетейік, Молдахан Әділетхан үш адамның өмірін қиған Әл-Фарабаи даңғылындағы жол-апатына қатысты болжамдар айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялаған еді.
21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан үш адам қаза тапты.



