Қоғам
Тренд

Астанада журналистер Тоқаевтан көмек сұрады

Біз, Сізден, Ботагөз Омарованың ісін жеке бақылауыңызға алып, журналистерді осындай жағдайлардан қорғауыңызды сұраймыз.

Астанада Журналистер қауымдастығы атынан бір топ журналист ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдап, көмек сұрады, деп хабарлады tiek.kz.

Өз үндеуінде журналистер 2026 жылғы 20 наурызда 20 жылдан астам тәжірибесі бар кәсіби журналист Ботагөз Омарованың заңсыз қамауда отырғанын айтқан. Айтуларынша, журналисті Астана қалалық полиция департаментіне «әңгімелесуге» шақырған.

Ол Астана қаласы Сейфуллин көшесі 37 мекенжайына өз еркімен барған. Алайда бірнеше сағаттың ішінде оның статусы өзгеріп, қорғалуға құқығы бар куәгерден күдіктіге айналып шыға келген.

Журналист полиция бөлімінде сегіз сағаттан астам уақыт болған. 21 наурызға қараған түні тергеу сотының отырысы өтіп, нәтижесінде Омарова екі ай мерзімге үйқамаққа алынды.

Әріптестері Ботагөз Омарованың әрдайым кәсіби стандарттарды сақтап жұмыс істейтінін, ақпаратты тексеріп, құжаттарды мұқият зерттейтінін атап өткен.

Қазақстан Республикасының Президенті
Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа

Қазақстан журналистерінің үндеуі

Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы! Конституцияның кепілі әрі «Заң мен тәртіп» қағидатының авторы ретінде Сізге, біз, Қазақстан журналистері үндеу жолдағымыз келеді.

2026 жылы 20 наурызда 20 жылдан астам еңбек тәжірибесі бар, абыройлы әрі кәсіби журналист, біздің әріптесіміз, Ботагөз Омарова Астана қаласы полиция департаментінің бөлімшесіне «әңгімелесуге» шақырылды.

Бірнеше сағат ішінде оның процессуалдық мәртебесі өзгерді: алдымен – қорғалуға құқығы бар куәгер, кейін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабы («көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша күдікті ретінде танылды.

Жалпы, Ботагөз полиция бөлімінде сегіз сағаттан астам уақыт болды. 21 наурыз күні түнгі сағат 01:00-ден кейін тергеу сотының отырысы өтіп, оның қорытындысы бойынша оған екі ай мерзімге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы белгіленді.

Түнгі сағат 03:00-ден 05:00-ге дейін полиция оның пәтерінде тінту жүргізді.

Қылмыстық кодекстің 274-бабы бойынша оған нақты қандай журналистік материал үшін айып тағылып отырғаны туралы бізде ресми ақпарат жоқ.

Қазақстан Республикасы «Масс-медиа туралы» Заңының 68-бабына сәйкес, журналист, редакция және бұқаралық ақпарат құралы бірқатар жағдайда, соның ішінде ақпарат жеке және заңды тұлғалардың сөздерін сөзбе-сөз келтіру арқылы берілсе немесе ресми дереккөздерден алынса, шындыққа сәйкес келмейтін мәліметтерді таратқаны үшін жауапкершіліктен босатылады.

Ботагөз Омарова әрдайым өзінің кәсіби міндетін адал атқарып, деректерді тексеріп, құжаттарды зерделеп, Қазақстан Республикасының заңнамасы аясында жұмыс істеп келеді.

Біз, Сізден, Ботагөз Омарованың ісін жеке бақылауыңызға алып, журналистерді осындай жағдайлардан қорғауыңызды сұраймыз. Себебі ҚР ҚК-нің 274-бабы көбіне журналистерге қысым көрсету құралы ретінде қолданылып жатады. Сондықтан Сізді Конституция кепілі ретінде аталған бапты декриминализациялау жөнінде президенттік бастама көтеруіңізді өтінеміз.

Істің барлық мән-жайын жан-жақты, объективті әрі мұқият тергеуді қамтамасыз етуге, сондай-ақ процессуалдық нормалар мен құқықтардың қатаң сақталуына кепілдік беруге және журналист Ботагөз Омарованы қудалауды тоқтатуға ықпал етуді сұраймыз.

Құрметпен,
Қазақстан журналистері және сөз бостандығы құқығы маңызды деп санайтын азаматтар.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button