
Италияда өтіп жатқан XIV қысқы Паралимпиада ойындарында Ербол Хамитов пара биатлоннан 4,5 км із қуу дисциплинасында 9 минут 39 секунд уақыт көрсетіп, жарыстың жеңімпазы атанды.
Бұған дейін қазақстандық Ербол Хамитов пара шаңғы жарысынан 1500 м қашықтықтағы классикалық спринтте қола медаль еншілеп, Милан–Кортина Паралимпиада ойындарындағы Қазақстанның алғашқы жүлдесін жеңіп алған болатын.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Италияда өтіп жатқан Паралимпиада ойындарында алтын жүлде жеңіп алған биатлоншы Ербол Хамитовті құттықтады.
Мемлекет басшысы спортшыға алдағы уақытта да жаңа жеңістер, сарқылмас күш-қуат және мықты денсаулық тілеген.
Ербол Хамитов бала кезінен спортпен айналысқан. 19 жасында оқ жарақатынан аяғынан айырылғанына қарамастан, спортты тастамады.
2017 жылы ол грэпплингтен Қазақстан кубогының жүлдегері атанды. Кейін қысқы спорт түрлерінде үлкен жетістіктерге жетті.
2023 жылы пара шаңғы жарысынан әлем чемпионы атанса, 2025 жылы парабиатлоннан әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған алғашқы қазақ спортшысы.


