Президент ескертуі: «Сұхбатты бәрі бірдей оқымаған секілді»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет мүшелерінің бір бөлігі өзінің жақында «Turkistan» газетіне берген сұхбатындағы негізгі ойларды терең түсінбегенін айтты
Президент бұл мәселені мемлекеттік аппараттағы оқу мәдениетінің әлсіреуімен байланыстырды.
Тоқаевтың сөзінше, қазіргі экономикалық саясаттың өзегі – жазалаушы менталитеттен бас тарту. Салық органдары мен бизнес арасындағы қатынас серіктестік пен өзара сенімге негізделуі керек.
«Жазалаушы менталитеттен арылатын кез келді. Салық органдары мен салық төлеушілер арасында серіктестік және өзара сенім қағидаты орнығуға тиіс. Мемлекет пен бизнестің тиімді ықпалдастығын жолға қою керек. Мұндай серіктестік әділдікке, өзара тиімділікке және экономиканы дамытудың маңызын түсінуге негізделуі қажет», – деді Президент.
Мемлекет басшысы бұл ұстанымды жуырда жарияланған сұхбатында да нақты түсіндіргенін еске салды. Алайда үкіметтегі кейбір лауазымды тұлғалар ол материалды мұқият оқымаған тәрізді.
«Үкіметтің кейбір мүшелерімен әңгімеден ұққаным – оны бәрі бірдей ықылас қойып оқымаған секілді. Қызылордадағы Ұлттық құрылтайда айтқан сөзімді де толық түсінбегендеріңіз байқалады», – деді Тоқаев.
Президент мемлекеттік қызметкерлердің кітап пен мақалаларды оқудан алыстап бара жатқанын сынға алды. Интернет пен аудио форматтың кең тарауы мазмұнды үстірт қабылдауға итермелейді, бірақ бұл – мемлекеттік басқарудағы адамдарға жараспайтын әдет екенін ескертті.
«Оқу керек. Әйтпесе, зейнет жасына жеткен кезде ойлану қабілетінен айырылып қаласыздар», – деп қатаң айтты Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар Президент салық жүйесін түбегейлі цифрландыру қажеттігін атап өтті. Банктер, маркетплейстер мен агрегаторлар салық агенттері ретінде толық жауапкершілік алуға тиіс. Мемлекеттік кірістер комитеті «фискальдық деректер фабрикасына» айналып, барлық процесс толық цифрлық форматта жүруі қажет.
2027 жылдың соңына дейін салық және кеден жүйесін басқарудың жаңа цифрлық моделін енгізу стратегиялық міндет ретінде белгіленді. Ұлттық тауарлар каталогы мен отандық өндірушілер реестрін жедел іске қосу тапсырылды.
Президент тауарларды цифрлық таңбалау өндіріс пен бизнеске зиян тигізбеуі тиіс екенін де ерекше айтты. Жаңа ережелер шетелдік және отандық компаниялардың жұмысына кедергі жасамауы керек.
«Мұндай жайт инвестициялық климатты нашарлатады. Отандық және шетелдік компаниялар бұл мәселеге алаңдап, маған хат жазып жатыр», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осылайша Мемлекет басшысы экономикалық саясаттағы жаңа бағытты түсінбеген шенеуніктерге ашық ескерту жасады. Президенттің сөзі мемлекеттік аппараттан формалды емес, мазмұнды әрі жауапты жұмыс күтілетінін тағы бір мәрте аңғартты.



