Бектенов: Әлеуметтік қолдау тек нақты мұқтаж азаматтарға бағытталады
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтіп жатқан Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов әлеуметтік қолдау жүйесін қайта қарау және көші-қон саясатының жаңа тәсілдері туралы мәлімдеді
Үкімет басшысы қазіргі тетіктер кей жағдайда масылдық көзқарастың қалыптасуына ықпал еткенін атап өтті.
«Көші-қон заңнамасы мен иммигранттардың жекелеген санаттарын әлеуметтік қолдау тетіктерінің осалдығы да масылдық пиғыл туғызады. Биылдан бастап жеңілдіктер мен қолдау бағдарламалары іріктеліп, жұмыс күші тапшы өңірге баратын азаматтарға ғана беріле бастады», – деді Олжас Бектенов.
Оның сөзінше, мемлекеттік саясаттың жаңартылған бағыты әлеуметтік саладағы шығындарды реттеп, жүйелі тәртіп қалыптастыруға мүмкіндік береді.
«Мемлекеттік саясаттың жаңа тәсілдері бюджеті 18 триллион теңгені құрайтын білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет және спорт салаларында тәртіп орнатуға мүмкіндік береді. Үкімет шынайы мұқтаж адамдарға ғана көмек қағидатын қатаң ұстанады», – деді Премьер-министр.
Бектенов әлеуметтік қолдаудың атаулы сипатын күшейту бюджет қаржысын тиімді пайдалануға, сондай-ақ еңбекке ынталандыруды арттыруға жол ашатынын айтты. Үкімет жаңа тәсілдер арқылы жұмыс күші тапшы өңірлерге қоныс аударуды қолдап, экономикалық белсенділікті теңестіруге ниетті.



