Бектенов: 2025 жылы экономика 6,5% өсіп, ЖІӨ $20 млрд-қа артты
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов ел экономикасын нығайту бағытында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді
Үкімет басшысы 2025 жылы Мемлекет басшысының Жолдауында белгіленген міндеттерге сәйкес бірқатар жүйелі реформалар жүзеге асқанын айтты. Әсіресе салық, бюджет және тариф саясаты, цифрландыру, құрылыс және әлеуметтік салаларда қабылданған шешімдер экономиканың дамуына кедергі келтірген құрылымдық теңсіздіктерді жоюға бағытталды.
Ұлттық қорға тәуелділік азаяды
Бектеновтің сөзінше, салық және бюджет реформасы үш жылдық бюджетті Ұлттық қордан нысаналы трансферттерсіз қалыптастыруға мүмкіндік берді.
«Бұл 2028 жылға қарай бюджет тапшылығын жалпы ішкі өнімнің 0,9%-ына дейін қысқартуға жағдай жасайды. Жергілікті бюджеттердің республикалық бюджетке тәуелділігі 2025 жылғы 50%-дан 2028 жылы 34%-ға дейін төмендейді», – деді Премьер-министр.
Негізгі салалар қарқынды өсті
Жүргізілген реформалардың нәтижесінде 2025 жылы экономика тұрақты өсім траекториясын сақтады. Құндық мәнде жалпы ішкі өнім $20,1 млрд-қа ұлғайып, жылдық өсім 6,5% болды.
Экономикалық белсенділіктің негізгі драйверлері:
-
көлік саласы – 17,8%,
-
құрылыс – 14,6%,
-
тау-кен өнеркәсібі – 17,4%,
-
өңдеу өнеркәсібі – 12,2%,
-
сауда – 26%,
-
ауыл шаруашылығы – 5,9%.
Үкімет басшысы бұл көрсеткіштер елдің макроэкономикалық тұрақтылығын сақтауға және алдағы жылдары инвестициялық белсенділікті күшейтуге негіз болатынын атап өтті.



