Саясат
Тренд

Қымбат көзілдірігімен ел есінде қалған вице-министр «Ел қорғаны» медалін алды

Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмадиев министрліктің ең жоғары марапаттарының бірі – «Ел қорғаны» медалімен наградталды

Бұл туралы вице-министрдің әлеуметтік желідегі парақшасына сілтеме жасап Tiek.kz хабарлайды.

Ахмадиев қаңтар айының қорытындысы шығарылып, Қарулы Күштерді цифрлық трансформациялау бойынша алдағы үш жылға арналған жаңартылған жол картасы бекітілгенін айтты. Сондай-ақ 2026 жылға арналған нақты KPI көрсеткіштері айқындалған.

«Өзім үшін күтпеген әрі зор мәртебе — министрлігіміздің ең жоғары наградасы «Ел қорғаны» медалімен марапатталдым. Бұл мен үшін үлкен сенім мен жауапкершіліктің белгісі», — деп жазды вице-министр.

Фото: Д.Ахмадиевтің фейсбук парақшасынан

Даулы бейне мен баспана мәселесі

Дархан Ахмадиев бұған дейін қымбат брендті көзілдірік тағып шыққан видеосы үшін қоғамда қызу талқыға түскен еді. Әлеуметтік желі қолданушылары әскери саладағы әлеуметтік мәселелер шешілмей тұрған кезде шенеуніктің сәнді аксессуары орынсыз көрінеді деп сын айтқан.

Сондай-ақ Tiek.kz бұған дейін Ахмадиевтің әскери қызметшілерге баспана төлемдері мәселесі толық шешілгені туралы мәлімдемесін жариялаған болатын. Алайда бұл ақпарат та пікірталас тудырып, кейбір әскери отбасылар төлем тетіктері әлі де күрделі екенін алға тартқан. Бұдан бөлек, әскердегі ахуалды реттеу үшін жасанды интеллект енгізілетінін де айтқан болатын.

Фото: tiek.kz

Цифрландыру – басты бағыт

Вице-министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы биылғы жылды цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялаған. Осы бағытта қысқа мерзім ішінде бірнеше жоба іске қосылған, олардың нәтижесі алдағы уақытта кеңінен таныстырылады.

«Алға қойған мақсаттар айқын, бағыт нақты. Қазақстан Республикасына қызмет етемін!» — деп түйіндеді ол жазбасын.

Ахмадиевтің марапаты қоғамда екіұдай пікір туғызды: бір бөлігі әскери саладағы цифрландыру жобаларын жоғары бағаласа, енді бірі вице-министрдің атымен байланысты әлеуметтік даулар әлі толық сейілмегенін айтады.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Басқа жаңалықтар

Back to top button