Көлік несиесі — қылмыстық схемаға айналған: тергеу басталды (ВИДЕО)
Автокредит арқылы жасалған қылмыстық схема әшкереленді
Қазақстанның бірнеше өңірінде автокредитке байланысты ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекеті тоқтатылды. Бұл туралы Polisia.kz порталы хабарлады.
ІІМ мәліметінше, 19 қаңтар күні ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ Алматы, Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында арнайы операция жүргізген.
Тергеу барысында қылмыстық топ мүшелері әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың атына автонесие рәсімдеумен айналысқаны анықталды. Күдіктілер азаматтарға қысым көрсетіп, қорқыту арқылы олардың атына автокредит алуға мәжбүрлеген.
Қарыз алушылардың төлем қабілетті болып көрінуі үшін топ мүшелері банк шоттарына уақытша қаражат салып, кредиттік тарихты жасанды түрде жақсартқан. Кейін жалған құжаттарды пайдалана отырып, автокөліктерді кепілге қойып, микрофинанс ұйымдарынан ірі көлемде несие алған.
Одан соң қымбат автокөліктер Қазақстан аумағынан тыс жерлерде сатылған.
Қазіргі уақытта осындай 15 дерек анықталған, тергеу басқа эпизодтар бойынша да жалғасып жатыр.
Тінту барысында:
-
атыс қаруы мен суық қарудың бірнеше түрі,
-
оқ-дәрілер,
-
қылмыстық әрекетті дәлелдейтін құжаттар мен электронды ақпарат тасымалдағыштар
тәркіленген.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу бірнеше қылмыстық бап бойынша жүргізіліп жатыр. Іс бойынша алты негізгі күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Құқық қорғау органдары тергеу аяқталған соң қосымша ақпарат берілетінін мәлімдеді.



