Солтүстік Қазақстан облысында қайғылы оқиға болды. 11 қаңтар күні кешкі уақытта Мағжан Жұмабаев ауданына қарасты Майбалық ауылында жеке тұрғын үйден өрт шықты.
Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі таратқан мәліметке сәйкес, 101 пультіне хабарлама түскен бойда өртке қарсы қызметтің бөлімшелері оқиға орнына жедел түрде аттанған. Алайда құтқарушылар келген кезде тұрғын үйдің толықтай отқа оранып, қирағаны анықталған.
Үй иесінің айтуынша, өрт болған сәтте баспанада оның жұбайы мен екі кәмелетке толмаған баласы болған. Өртті сөндіру және үйінділерді бөлшектеу барысында құтқарушылар бір ересек адам мен бір баланың мәйітін тапты. Тағы бір баланы іздеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Қазіргі уақытта оқиға орнында ТЖД басшылығы жұмыс істеп жүр. Сондай-ақ, ведомствоның психологтары үй иесіне қажетті психологиялық көмек көрсетіп жатыр.
Өрт 64 шаршы метр аумақты шарпыған. Тілсіз жау толықтай сөндірілгенімен, тұрғын үй жарамсыз күйге түскен. Өрттің шығу себебі әзірге белгісіз, тиісті сараптама жүргізіп жатыр.
Өртті сөндіруге ТЖД-ның 24 қызметкері мен 6 бірлік техника, сондай-ақ «Агрофирма» ЖШС-нің ерікті өртке қарсы құрылымы жұмылдырылған.
Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды пешпен жылыту кезінде, сондай-ақ электр және газ жабдықтарын пайдалану барысында өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады
