Экономика

«Сіз бәрібір бұған төлеп жатырсыз»: Олжас Байділдинов теміржолдағы жасырын шығындар туралы

Белгілі сарапшы Олжас Байділдинов Tiek.kz редакциясына берген кезекті сұхбатында «арзан» теміржол билеттері мәселесін көтерді. Оның пікірінше, жол жүру құнының төмендігі – тек иллюзия, яғни жолаушылар түптің-түбінде күнделікті тұтынатын тауарларды сатып алу арқылы артық төлеп жатыр.

Спикердің айтуынша, Қазақстандағы жолаушылар тасымалын субсидиялау жүйесі жолаушының қалтасынан түсетін салмақты ел бойынша тасымалданатын барлық тауардың соңғы құнына ауыстыратындай етіп құрылған.

«Жасырын» төлем механизмі

Орташа есеппен алғанда, бір билетке мемлекет пен «ҚТЖ» 7–11 мың теңге көлемінде субсидия бөледі. Көптеген жолаушыларға бұл «тегін игілік» сияқты көрінуі мүмкін, бірақ іс жүзінде жүйе айқаспалы субсидиялау қағидатымен жұмыс істейді.

«Егер сіз бұл соманы төлемеймін деп ойласаңыз, шын мәнінде төлеп жатырсыз. ҚТЖ бұл шығындарды жүк тасымалына арналған теміржол тарифтеріне қосады. Осылайша, жиһаз, құрылыс материалдары және басқа да тауарларды тасымалдау құны қымбаттайды. Нәтижесінде, жолаушылар билетінің құны баяу өссе де (жылына 5–7%), сіз бұл субсидияларды дүкендердегі тауар бағасының өсуі арқылы төлеп жатырсыз», — деп түсіндірді сарапшы.

Сапа мәселесі: миллиардтар бөлінгенімен, сервис қайда?

Қаржылық аспектіден бөлек, Олжас Байділдинов ұсынылатын қызмет сапасының сын көтермейтіндігіне баса назар аударды. Тасымалдың шамамен 15–20%-ын жеке компаниялар жүзеге асырады. Мемлекет оларға да тарифтердегі айырмашылықты өтеп береді, алайда сервис деңгейі көбінесе жұмсалған шығындарға сәйкес келмейді.

«Субсидия болғанына қарамастан, сізде үнемі сұрақтар туындайды: неге кондиционер жоқ? Неге вагондар лас? Неге парк ескірген? Біз пойыз жағдайына қатысты көптеген шағымдарды көріп отырмыз. Өкінішке орай, саланы субсидиялау туралы пікірталастарда біз сапа мәселелерін, пойыздардың жылдамдығын және шынайы жаңғыртуды назардан тыс қалдырдық», — деп атап өтті Байділдинов.

Редакциядан: Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Tiek.kz теміржол саласындағы жағдайға өзіндік талдау жасаған болатын. Арнайы материалымызда мемлекеттік дотациялардың қалай бөлінетінін және Қазақстандағы қолжетімді әрі жайлы жолаушылар тасымалының дамуын тежеп тұрған жүйелі мәселелерді егжей-тегжейлі талдағанбыз.

Толық материалмен мына сілтеме арқылы таныса аласыз: https://tiek.kz/kz/archives/432

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button