МәдениетСараптама
Тренд

Кездейсоқ дау ма, әлде көзбояушылық па? «Қыз Жібек» камзолы төңірегіндегі шу Қазнетті медиа-манипуляция жайлы ойлануға мәжбүр етті

Баян ханым Ким Кардашьян мен батыс политтехнологтарының сүйікті әдістерін қалай қайталап отыр.

Баян Алагөзованың гардеробынан табылған «Қыз Жібек» фильмінің культтік жәдігеріне қатысты дау бәсеңдер емес. Мәдениет министрлігі кінәлілерді іздеп, аудиторияның бір бөлігі ұлттық құндылықты тәркілеуді талап етіп жатқан тұста, желіде мүлдем басқа пікір кең тарай бастады. Оқырмандар «Бұл оқиға шебер ұйымдастырылған пиар-трюк емес пе екен?» – деген заңды сұрақ қоюда, деп хабарлады tiek.kz.
Бұл жағдайға Жібектің рөлін сомдаған актрисаның өзі не дейді және бұл хикая Ким Кардашьян мен батыс политтехнологтарының сүйікті әдістерін қалай қайталап отыр? Бірге тарқатып көрейік.
Ашу-ыза хроникасы мен ұмыт қалған аңыз
Бәрі Баян Алагөзованың 1972 жылғы түсірілген фильмдегі Меруерт Өтекешованың үлпілдекпен көмкерілген қызғылт камзолын киіп мақтанған бейнежазбасынан басталды. Қазнеттің реакциясы көп күттірген жоқ: жұрт жәдігерді Ұлттық музейге қайтаруды бірауыздан талап етті. Алагөзова болса: «Бұл камзол 50 жыл бойы ешкімге керек болмаған, ешқандай есепте де тұрған жоқ» деп жауап қатты.
Кейінірек журналист Гүлбану Әбенова халық артисі Меруерт Өтекешованың өзімен тілдесті. Актриса камзолдың түпнұсқа екенін растады. Алайда, кино аңызының көңілін түсірген нәрсе басқа: ол — фильмнің басты құрамынан бүгінге дейін көзі тірі жалғыз актер. Бірақ жұрт оны бір жапырақ матаға бола шыққан дау кезінде ғана еске алып жатқанына налиды.
Журналист тағы бір тұсты баса айтты: Меруерт апайдың Алагөзованы ашық сынай алмауының сыры — ықпалды продюсер маған 75 жылдық мерейтойымды лайықты өткізуге қаржылай көмектеседі деген үмітінен болуы мүмкін.
Кардашьян синдромы: мінсіз «көзбояушылық» анатомиясы
qanagat_barkol деген желі қолданушысы пікірлер бөлімінде батыс шоу-бизнесімен өте орынды ұқсастықты байқапты: Алагөзова 2022 жылы Ким Кардашьянның Met Gala-да Мэрилин Монроның «жалаңаш» көйлегін киіп шыққан дауының дәл көшірмесін жасаған.
Пікір авторы мұны жұрттың назарын басқа жаққа бұру үшін әдейі қолдан жасалған ақпараттық шу, яғни классикалық «псевдо-оқиға» (pseudo-event) деп атады.
Әлемдік тәжірибеге көз жүгіртсек, Кимнің музей көйлегімен ел алдына шығуы — медиа тарихындағы ең сәтті «көзбояушылықтардың» бірі саналады. Сол мамыр күндері Ким жұрт назарын неден бұрмақ болды?
108 миллион долларлық сот:
Дәл Met Gala өтіп жатқан күні Кардашьян әулетінің біраз былығын әшкере еткен Блэк Чайнамен арадағы лас сот процесі аяқталған еді.
Интимді бейнежазба дауы:
Рэпер Ray J Кимнің мансабына жол ашқан атышулы бейнежазбаның кездейсоқ таралмағанын құжатпен дәлелдеді. Жылдар бойы өздерін құрбан етіп көрсетіп келген Ким мен оның анасы бәрін алдын ала жоспарлап, видеоны өздері сатқан болып шықты.
Түсік жасату құқығынан айыру (Roe v. Wade):
Дәл сол түні АҚШ Жоғарғы сотының әйелдердің негізгі құқықтарын тартып алатын шешімінің құпия сыры ашылып қалды. Жанұяның төгілген абыройы мен саяси дағдарысты талқылаудың орнына, ертеңіне әлемдік БАҚ тек бір ғана тақырыпты – Кимнің 7 келіге қалай арықтағанын және Мэрилиннің көйлегін жыртып алған-алмағанын жарыса жазды. Назар аудару технологиясы мінсіз жұмыс істеді.
Жасанды хайп – таптырмас құрал Қажет кезде хайпты ақшаға айналдыру немесе топтың назарын басқа арнаға бұру үшін осындай «псевдо-оқиғаларды» қолдан жасау – әлемдік поп-мәдениетте қалыпты құбылыс:
Қан тамған кроссовки (2021):
Рэпер Lil Nas X адам қаны араласқан аяқ киім шығарды. Соттасу, шіркеудің наразылығы, саясаткерлердің ашуы — бәрі де жаңа клиптің алдындағы дайындық қана болатын. Жаңа туынды сол хайптың толқынымен барлық рекордтарды жаңартты.
Маск пен Цукербергтің жекпе-жегі (2023):
Тор ішінде өтеді деп жалған жарияланған жекпе-жек туралы айлар бойғы талқылау Цукербергке жаңа әлеуметтік желісіне адам тартуға, ал Маскқа X (Twitter) желісінің қаралымын арттыруға көмектесті. Әрине, ешқандай жекпе-жек болған жоқ.
Кесілген картина (2018):
Бэнкси өз картинасының жақтауына қағаз турағыш (шредер) орнатып, оны дәл аукцион үстінде турап тастады. Көпшіліктің шошынуы бұл оқиғаны жаңа өнер туындысына айналдырып, картинаның бағасы 1,4 миллионнан 25 миллион долларға дейін бір-ақ шарықтады.

Шымылдық сыртындағы шындық: Көпшіліктен не жасырылды? (Төрт болжам)

Қазнет жұртшылығы қызғылт камзолдың түймесін түгендеп, продюсермен сөз таластырып жатқанда, 2026 жылдың сәуір айының ортасында ел тағдырына қатысты аса маңызды оқиғалар болып жатты. Баян Алагөзованың гардеробындағы шу нағыз ақпараттық «перде» қызметін атқарғандай. Бұл жағдай қандай шындықты көлегейлеуі мүмкін? Сараптап көрейік.

1-болжам: Геосаяси құрсау (Азаматтарды қорғау туралы заң)

Не болды: 14-15 сәуірде РФ Мемлекеттік думасы «өз азаматтарын қорғау үшін» әскерін ел аумағынан тыс жерлерге жіберуге рұқсат беретін заңды мақұлдады.

  • Мәселенің төркіні: Бұл — біздің егемендігімізге төнген үлкен сын. Себебі, бұл заң көршілес елдердегі отандастарын сылтау етіп, кез келген мемлекеттің ішкі ісіне араласуға құқықтық негіз қалайды. Шекарасы ең ұзақ Қазақстан үшін бұл өте қауіпті сигнал.

  • Айла-шарғының астары: Мамандардың пікірінше, қалың бұқараға сыртқы әскери қауіптің зардаптарын түсіндіргеннен көрі, жұлдыздың «көйлегін» талқылату әлдеқайда оңай. Эмоцияға толы дау елдің ертеңіне қатысты сұрақтарды ақпарат айдынынан ысырып тастады.

2-болжам: «Атом алаңы» (үш емес, төрт АЭС)

Не болды: 15 сәуірде Президент 2050 жылға дейінгі атом саласын дамыту стратегиясын бекітті.

  • Мәселенің төркіні: Бұған дейін жұртшылық «үш АЭС салына ма, жоқ па?» деп дауласып жүрсе, жаңа құжатта елімізде кемінде төрт АЭС салынатыны және негізгі серіктестің «Росатом» болатыны нақты жазылған.

  • Айла-шарғының астары: Елдің энергетикалық қауіпсіздігін ондаған жылға көрші елдің технологиясына байлап беретін шешім ешқандай қоғамдық талқылаусыз өтіп кетті. Жұрт «Казахфильмнің» ескі реквизитін музейге сұрап жатқанда, стратегиялық маңызы бар сала шетелдік алпауыттың уысына түсті.

3-болжам: «Жабулы қазан» (Павлодардағы трагедия)

Не болды: 16 сәуірде Павлодардағы әскери бөлімдердің бірінде атыс болып, сарбаз қаза тапты.

  • Мәселенің төркіні: Бұл оқиға — Қорғаныс министрлігі үшін нағыз соққы. Ведомство «әскерде смартфон ұстауға рұқсат бердік» деген позитивті жаңалықтарды таратып, имиджін көтермек болғанда, сарбаз өлімі бәрін астан-кестен етті.

  • Айла-шарғының астары: Бейбіт күндегі адам өлімі қоғамда үлкен наразылық тудыратыны анық. Сол себепті, продюсердің шкафындағы «ұлттық жәдігерді» шулату арқылы министрліктің жауапкершілігі туралы мәселені жылы жауып қоюға мүмкіндік туды.

4-болжам: Халықаралық жүйенің күйреуі (БҰҰ дағдарысы)

Не болды: 17 сәуірде Мемлекет басшысы БҰҰ реформаларының тоқырағанын және халықаралық қауіпсіздік жүйесінің іс жүзінде сал болып қалғанын ашық мәлімдеді.

  • Мәселенің төркіні: Бұл — «бұдан былай ешқандай халықаралық ұйым бізге кепілдік бере алмайды, әлемде күштінің құқы жүретін заман туды» дегенді білдіреді. Мұндай мәлімдеме кез келген елдің инвесторлары мен бизнесін дүрліктіруі тиіс еді.

  • Айла-шарғының астары: Сарапшылар әлемдегі жаңа тәртіп пен Қазақстанның бұл жағдайда қалай аман қалатынын талдаудың орнына, бұқаралық назарды «қызғылт камзолға» бұруды жөн көрді. Осылайша, ұлттық қауіпсіздік мәселесі шоу-бизнестің тасасында қалды.


Түйін: Біз бұл оқиғалардың барлығы алдын ала сызылған сценарий деп бекітіп айта алмаймыз. Бірақ ауыр мемлекеттік шешімдер мен трагедиялық жаңалықтардың «қызғылт хайппен» тұспа-тұс келуі көп жайтты аңғартады. Егер «құйрық итті билеп тұрса», демек, бұл біреуге өте қажет.

Құйрық Қазнетті билеп тұр ма?
Назарды басқа жаққа бұрудың мұндай айла-амалдары 1997 жылы шыққан «Плутовство» (Wag the Dog) фильмінде шебер көрсетілген. Онда политтехнологтар бүкіл елді жаңалықтарға телміртіп қойып, президенттің шынайы жанжалын ұмыттыру үшін жалған соғыс ойлап табады.
Фильмнің ұраны: «Егер құйрық иттен ақылды болса, ол итті өзі билер еді». Біз камзол дауын басынан аяғына дейін алдын ала жоспарланған көп сатылы ойын деп кесіп айта алмаймыз. Дегенмен, Баян Алагөзова — тәжірибелі медиа ойыншысы, ол ұлттық құндылықты киіп шығу арқылы қоғамның ең жанды жерін басатынын түсінбеуі мүмкін емес еді.
Егер бұл саналы түрде ұйымдастырылған спектакль болса, оның шынайы мақсаты не? Аудиторияны кезекті рет «қыздыру» ма, әлде ақпараттық кеңістікке лақтырылған «өлі мысық» арқылы біздің назарымызды одан да маңыздырақ дүниелерден жасыру ма?
Қазнет күні-түні реквизит тағдырын талқылап жатқанда, өзімізге бір сұрақ қойғанымыз жөн: біз медиа-«құйрықтың» ырқына көніп, еліміздегі шынымен маңызды оқиғаларды назардан тыс қалдырып, сол баяғы «иттің» күйін кешіп жүрген жоқпыз ба?

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button