Электросамокат иелері жүргізушілермен бірдей жауапкершілікке тартылуы мүмкін

Астана қаласында электросамокат жүргізушілеріне қатысты бақылау күшеймек. Жол қозғалысы ережесін жиі бұзатын бұл көлік иелеріне енді айыппұл салу камералар арқылы жүзеге асырылуы мүмкін. Jibek Joly арнасы осындай ақпарат таратты.

Қазақстан Ішкі істер министрлігі электросамокат иелерін бір жүйе тіркейтін ортақ реестр енгізуді ұсынып отыр. Яғни, барлық электрлі көліктер арнайы нөмірмен жабдықталып, тіркелуі тиіс. Бұл қадам оларды автоматты камералар арқылы бақылауға және тәртіп бұзушыларға айыппұл салуға жол ашады.

Мәселе неде?
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, жыл басынан бері елімізде электросамокат жүргізушілері шамамен 4 мың рет жол ережесін бұзған. Олардың ішінде шлем кимеу, рұқсат етілмеген жолмен жүру, көлікті екі адам мініп басқару және жылдамдықты арттыру жағдайлары бар. Көптеген тұрғындар самокат иелерінің абайсыздығынан зардап шеккенін айтады.

Қауіпсіздік үшін бақылау
ІІМ өкілі Ақтоты Боранованың айтуынша, егер ұсыныс қабылданса, бұдан былай жеке немесе жалға алынған самокаттарда тіркеу нөмірі болуы керек. Жол ережесін бұзған жағдайда, оны жалға беретін компания немесе иесі арқылы нақты жүргізуші анықталып, оның жеке кабинеті арқылы айыппұл жөнінде хабарлама келеді.

Әлемдік тәжірибе
Айта кетейік, кей елдерде электросамокатқа қатысты тәртіп әлдеқайда қатаң. Мәселен, Парижде электросамокатты жалға беру толықтай тоқтатылған. Ал Амстердам мен Торонто қалаларында бұл көлік түріне мүлде тыйым салынған.

Жол ережесін сақтау – әр азаматтың қауіпсіздігі үшін маңызды. Сондықтан самокатпен жүрушілерге де жауапкершілік жүктелетін уақыт келді, – дейді ІІМ мамандары.

Бақытнұр Әлібайhttp://tiek.kz
Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Өзге де материалдар ―