Ақмола облысының шаруалары ақбөкендердің көбейіп кетуіне байланысты егіс жұмыстарына кедергі келіп жатқанын айтып отыр. Бұл туралы өңірдегі шаруа қожалықтарының бірі — Нұрсұлтан Сопиев Jibek Joly арнасына берген сұқбатында мәлімдеді.
Оның айтуынша, соңғы жылдары киік саны күрт артқан. Жануарлар ауылшаруашылық техникаларынан еш қорықпай, егістік алқаптарды еркін басып, дәнді таптап кетіп жүр. Мұндай жағдай 2020 жылдан бері жалғасып келеді.
«Жыл сайын әр гектардан үш центнерге дейін бидай жоғалтамыз. Бұл шамамен 500 тонна астық немесе 50 миллион теңге шығын деген сөз», — дейді Сопиев.
Шаруа мұндай залал ауыл шаруашылығының табысына ғана емес, елдегі азық-түлік бағасына да әсер етуі мүмкін деп отыр.
Шаруалар киіктермен бірге келетін түрлі ауруларға да алаңдаулы. Қазірдің өзінде шаруашылық иелері ақбөкендерді алқаптан алыстату үшін тәулік бойы күзет ұйымдастыруға мәжбүр.
«Біздің шаруашылықта сегіз мотоцикл егістікті күні-түні күзетіп жүр. Киік су бар жерге келеді, ал біз де малымызды сол жайылымға жайғастыруға тиіспіз. Соңында малды басқа жаққа көшіруге тура келді», — дейді фермер.
Нұрсұлтан Сопиев киіктердің санын реттеу үшін олардың етін заңды жолмен өңдеп, ет комбинаттары арқылы іске асыруды ұсынады.
Айта кетейік, биыл наурыз айында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев киіктердің санының күрт өсу мәселесіне назар аударып, Үкіметке бұл жағдайды арнайы мамандармен бірлесе отырып зерттеп, тиімді шешім қабылдауды тапсырған болатын. Алайда әзірге бұл бағытта нақты шаралар қабылданбаған.