Астанадағы демалыс орындарының бірінде қазақтың ұлттық дәстүрлерін дәріптейтін Қымызмұрындық мерекесі өтті. Мерекенің басты мақсаты — қымыздың адам денсаулығына пайдалы қасиеттерін кеңінен насихаттап, оны күнделікті өмірге қайта енгізу. Іс-шараны ұйымдастырған — “BaiQymyz” жобасының авторы Жұмажан Қалтаев.
«Қазір жастар газды сусындарға үйір. Ал қымыз — дәруменге бай, иммунитетті көтеретін, денсаулыққа пайдалы сусын. Бұл жобамен біз қымыз өндірушілерге қолдау көрсетіп, оларды бір алаңға жинап отырмыз», — деді ол.
Қымызмұрындық аясында ұлттық спорт жарыстары, этноөнімдер мен қолөнер көрмелері, гастрономиялық фестиваль және концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Жобаның атқарушы директоры Әділ Орынбасарұлының айтуынша, бұл мереке — шілде айында өтетін үлкен “BaiQymyz” фестивалінің кіріспесі ғана.
«Бүгін халық түрлі өңірден әкелінген қымыздың дәмін татып көрді. Шілдеде өтетін фестивальде үздік қымыз анықталмақ. Бұл — тек дәмді сусын емес, рухани құндылық», — дейді ол.
Бүгінгі шараға еліміздің 10 аймағынан қымыз өндірушілер қатысып, өнімдері QR-код арқылы бағаланды. Қатысушылар қатарында Жаңарқаның “Aqnur Qymyz”, Саржалдың “Асылжан”, Бурабайдың “Жас”, Қымызынай ауылынан “Кабдулин А.С.”, Қарауыл ауылының “Adil Kymyz”, Сабындыдағы “Алға”, Арайлы ауылынан “Qazaq House” және Қараөткелдің “Жоламан” шаруа қожалықтары бар.

Барлық қатысушыларға Алғыс хаттар табысталды.
Айта кетейік, шілдеде өтетін “BaiQymyz” гастрофестивалінде “Ең үздік қымыз” байқауы өтеді. Жалпы жүлде қоры — 45 миллион теңге.
