Альфард “ажал көлігі” ме? Немесе биыл неге жол-көлік апаты 2 еседей артып кетті?

Қостанай облысында жантүршігерлік апат болып, 3 адам мерт болды. Соғылған көліктің бірі — Тойота Альфард. Осындай кезде азаматтардың “Альфард бәле болды” деген сыңайда пікірлері жиілейді. Осы орайда, Tiek.kz құзырлы органдарға сауал жолдап, талдау жасап көрді

Фото: Gov.kz

Биыл жол-көлік апатының саны 2 есеге жуық артқан. 2024 жылдың 8 айында (қаңтар-тамыз) 15862 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Ал былтыр дәл осы кезеңдегі апаттардың саны 8253 болыпты. Өсім 92,2 пайыз. Ал осы жол-көлік оқиғалары кезінде зардап шеккендер саны былтырғы қаңтар-тамызда 10 448 болса, биылғы 8 айда 21 803-ке жетіп, 83 пайызға өскен. Бұған не себеп?

Бас прокуратура өкілдерінің Tiek.kz сауалына берген жауабында мұны жол-көлік оқиғаларын жаңа әдіспен есептеумен түсіндіріп отыр.

Бұл шешім бұрынғы есептілік еліміздің жолдарындағы нақты көріністі көрсетпеуімен және жолдардағы жағдайды жақсарту бойынша тиімді шаралар қабылдауға мүмкіндік бермеуімен байланысты болды. Мысалы, 2023 жылы елдегі медициналық мекемелерге ЖКО салдарынан 44 995 адам жүгінсе, есептілікке тек 22 097 адам ғана көрсетілді. Статистиканың сәйкес келмеуі полицияның барлық ЖКО есепке алмауынан болды, емделу туралы деректері болмағандар зардап шеккендерге жатқызылмады, ал кейбір аймақтарда тек сараптама қорытындысымен есепке қойылды. — делінген Бас прокуратура жауабында

Ал, интернет беттерінде жиі оқитын “апат болды, альфардтың кесірінен” деген ақпаратқа тоқталсақ. Ресми деректерге сенсек, биылғы 8 айда «Toyota Alphard» автомобилдерінің қатысуымен 149 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Солардың 119-ы осындай көлік жүргізушісінің кінәсінен болған көрінеді. Бұл — барлық 1346 апаттың 1 пайызына да жетпейді екен.

Жалпы статистикаға келсек, барлық жол-көлік оқиғасының дені жеңіл көлік жүргізушілерінің кінәсінен болған. Нақтырақ айтқанда, 15862 жол-көлік оқиғасының 13499-ы. Ал жүк көліктерінің қатысуымен 268 апат тіркелсе, автобус жүргізушілері 285 оқиғаға себепкер болыпты.

Осыларды ескере отырып, жол қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған бірқатар ұсыныс әзірленіпті. Атап айтқанда, балалар жүретін жерлерде жылдамдықты 40 км/сағ-тан 30 км/сағ-қа төмендетуді енгізу жұмыстарын жалғастырмақ. Сондай-ақ, жол инфрақұрылым жақсарту шаралары да басты назарда екен.

Жол мәселесін Ішкі істер министрлігі де растап отыр. Ведомство берген ресми деректе адам шығыны болатын ауыр апаттардың жартысы транзиттік жолдарда тіркелген.

Барлық облыстарға ортақ проблема — 4 немесе одан да көп жолақтары бар       1-ші санаттағы жолдардың жеткіліксіздігі. Бұл жол қауіпсіздігіне әсер етеді, өйткені бөлу және ұстау кедергілері апат зардаптарын азайтуға мүмкіндік береді- делінген ІІМ ресми жауабында

Жолдағы қауіпсіздікті арттыруға бағытталған 25 мың тексеріс жүргізіліп, 45 мыңнан астам кемшілік анықталыпты. Соның нәтижесінде 3 жарым мыңға жуық лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Атап айтқанда, республикалық маңызы бар жолдарда 200 шақырымнан астам таңба сызылып, 2 жарым мыңдай жол белгілерін орнату қажеттігі анықталыпты.

Сондай-ақ, өкілетті орган өкілдері автопарктің үздіксіз өсуін тағы бір фактор ретінде алға тартып отыр. Елдегі көлік саны 5 жарым миллионға жуықтаған. Сондықтан жолдағы жүктеме де артыпты. Осы көлік құралдарының жартысы 20 жылдан артық қолданылып келе жатқаны да апатқа себеп көрінеді.

Алайда, айналып келгенде ең маңыздысы — жол салу мәселесі іспетті. Қазіргі кезде 4 немесе одан да көп жолақты 6 мың шақырымнан астам жол салынуы тиіс екен.

Бақытнұр Әлібайhttp://tiek.kz
Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Өзге де материалдар ―