Гендерлік зорлық-зомбылық әлемнің барлық тілінде талқылануы керек — АҚШ елшісі

Оның ішінде қазақ тілі де тыс қалмауы тиіс. «Сырты бүтін» кітабының тұсаукесерінде Америка құрама штаттарының Қазақстандағы елшісі Дэниел Розенблюм осылай деді.

Мұндай ауыр әңгімеден қашу зорлық-зомбылық көрсететін озбырларға көмектесумен бірдей. Қоғамның бұл мәселеге деген көзқарасын өзгертеміз десек, ең алдымен оны еркін талқылап, ашық алаңдарда дабыл қағуымыз керек. Сонда ғана гендерлік зорлық-зомбылықтан жапа шеккендердің жан жарасын байқап, жәбір көргендер мен оларды қорғап жүрген белсенділерге қолдау көрсете аламыз — деді елші

Гендерлік зорлық-зомбылық әлемнің барлық тілінде талқылануы керек - АҚШ елшісі

«Сырты бүтін» — Рейчел Луиз Снайдердің «No Visible Bruises» туындысының қазақша аудармасы. Дәл осы кітапты тәржімалауға себеп те жоқ емес. Бұл шығарма 2019 жылы New York Times басылымы таңдап алған «Жылдың 10 үздік кітабы» қатарына кірген. Мұнда зорлық-зомбылық мәселелері жазылып қана қоймай, оның себептері мен шешімдері жан-жақты түсіндірілген.

Гендерлік зорлық-зомбылық әлемнің барлық тілінде талқылануы керек - АҚШ елшісі

Steppe & World баспасы аударған кітапты таныстыру шарасы Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы он алты күндік белсенділік науқанының соңғы күніне тұспа-тұс келіп отыр. Шығарманы қазақ тілінде басып шығаруға АҚШ-тың Қазақстандағы Дипломатиялық өкілдігі қаржылай қолдау көрсеткен. Елші Дэниел Розенблюм тұсаукесердің биыл өтуінің де ерекше мәні бар екенін атап өтті.

Бұл кітаптың тұсаукесері 2024 жылы өтіп жатқаны кездейсоқ емес, өйткені биыл Қазақстанның гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күресінде үміт ұялаған жыл. Биыл Салтанат Нүкенованың қайғылы қазасы сияқты ауыр трагедиядан соң Қазақстан халқы бірігіп, гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы «жоқ» деп үн қосты, әйелдер мен балаларды қорғау шараларын күшейтуді талап етті. Мен Қазақстан үкіметін, осы күреспен жылдар бойы айналысқан белсенділерді және халықты маңызды заңнамалық өзгерістерге қол жеткізулерімен құттықтаймын — Дэниел Розенблюм деп ой түйді

Сондай-ақ, кітаптың тұсаукесерінде мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова сөз сөйлеп, тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң жобасының қалай қабылданғаны туралы айтып берді. Отбасылық психолог Ержан Мырзабаев пен белгілі журналист Дана Нұржігіт ой қосты. Steppe & World баспасының редакторы Назгүл Қожабек те талқыға атсалысты.

Гендерлік зорлық-зомбылық әлемнің барлық тілінде талқылануы керек - АҚШ елшісі

Фото: АҚШ елшілігі

Бақытнұр Әлібайhttp://tiek.kz
Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Өзге де материалдар ―