Жұмыс іздеймін деп алаяққа ұрынып қалмау үшін нені білу керек?

Интернетте отырып, жұмыс іздеу барысында сан түрлі алаяқтың арбауына түсіп қалуыңыз мүмкін. Ондай келеңсіздіктің алдын алу үшін мына кеңестерді білгеніңіз абзал.

HeadHunter дайындаған материалда алаяқ жұмыс берушінің 10 белгісі тізбеленген. Мұқият танысып алыңыз.

  1. Ешбір компания жұмыс іздеген адамнан ешқашан ақша сұрамайды. Ақша сұраудың мынадай әдістерін қолдануы мүмкін: қандай да бір құрылғыны сатып алу үшін алдын ала төлем жасау, кәсіптік оқыту немесе сертификаттау ақысы ретінде, тіркелу жарнасы, депозит, жұмыс материалдарын пайдалануға рұқсат алу үшін, т.с.с. Кейде алаяқтар делдал екенін айтып, жұмысқа орналасатыңызға сендіре келе ақылы түрде оқуды ұсынуы ықтимал. Тіпті сіздің түйіндемеңізді ешқашан болмаған жұмыс іздеушілердің эксклюзивті деректер базасына қосу үшін немесе нақты вакансиялар тіркелген базаны қолдануға мүмкіндік алу үшін ақы сұрауы мүмкін. Бір күнге ғана ашылып, қайта жабылып қалатын букмекерлік сайттар мен онлайн-казинолардағы бос жұмыс орны деген хабарландыруға да алданып қалмаңыз.
  2. Ақшаңызды қолды қылудың ең қитұрқы жолы — жалақыны аудару үшін кепілдік-жүйені пайдалану. Бұл — банк картаңыздың барлық дерегін ұрлауға арналған жалған немесе фишингтік сайт болуы мүмкін. Кепіл-жүйесі туралы пікірлерді тауып, мұқият оқыңыз. Ең дұрысы өзіңіздің картаңызға немесе электронды әмияныңызға тікелей жіберуін талап етіңіз. Соның өзінде жұмыс беруші картаңыздың артқы бетіндегі ақпараттарды қоса барлық деректі сұраса және келген СМС хабарламадағы кодты айтуды талап етсе — ол алаяқ екенін түсіну қажет. Жалақыны төлеу мәселесі тілдесу кезінде емес, бірінші жұмыс күнінде шешілуі тиіс.
  3. Жаңа қызметкерді ақысы төленбейтін тағылымдамадан өткен соң ғана жұмысқа алатыны туралы уәде берсе, сенбеңіз. Тағылымдамаға міндетті түрде ақы төленуі керек.
  4. Еш қиындығы жоқ жұмысқа ақылға қонымсыз өте жоғары жалақы ұсынуы мүмкін. Сондай-ақ бос жұмыс орнына үміткерлерге қойылатын талаптар жазылмайды немесе нақтылық жоқ. Яғни жұмысқа алушыға біздің біліктілігіңіз қызық емес деген сөз. Жұмыс беруші сізге артық ақы төлейтіндей ақымақ емес екенін ұмытпаңыз. Осыған ұқсас жұмыс орындарындағы жалақымен салыстырып көріңіз. 10 пайызға дейінгі айырмашылық болса қорқатындай ештеңе жоқ. Ал 2-3 есеге артық болса, онда алаяқтар екені айтпаса да түсінікті.
  5. Компания туралы клиенттер тарапынан да, қызметкерлер тарапынан да ешқандай пікір таппасаңыз, ондай жұмыс орнынан аулақ жүрген абзал. Не болмаса нақты кеңсесі жоқ, болса да елді мекеннің ешкім бармайтын қуысында орналасса да күмән туғызуы тиіс. Кей жағдайда осындай жұмыс ұсынушылардан компанияның ЖСН (жеке сәйкестендіру нөмірі) немесе негізгі мемлекеттік тіркеу нөмірін сұрау арқылы өзіңіздің аңқау адам емес екеніңізді көрсетуге мүмкіндік бар.
  6. Жалақыны өзге валютада төлейміз деуі мүмкін. Бұл — заңға қайшы әрі аңқау жұмыс іздеушілерге арналған қақпан іспетті.
  7. Алаяқтар кей кезде сіздің жеке деректеріңізді жинауға барын салады. Олар бөтен сайтқа кіріп, өзіңіз туралы анкетаны толтыруды сұрауы ықтимал. Не болмаса сол жерге төлқұжаттың суретін тіркеп, телефонға келген СМС хабарлама арқылы тіркелуді талап ету сияқты күмәнді әрекеттерді талап етсе де абай болыңыз. Сіздің жеке деректеріңіз еңбек келісімшартын рәсімдеу кезінде ғана қажет болатынын естен шығармау қажет. Ал егер жұмыс бойынша сұхбаттасуға барсаңыз, онда бос параққа қол қоймаңыз және төлқұжатты біреуге ұстатпаңыз. Сіздің атыңызға несие рәсімдеп жіберуі мүмкін.
  8. Жұмыс беруші сізді өзі тауып, әрі сіздің контактіңізді кімнен алғанын айтпаса да сақтаныңыз. Бұл жағдайда да оларға сіздің жеке бас деректеріңіз бен ақшаңыз қажет болуы ықтимал. 
  9. Таныс емес нөмірден қоңырау шалса, СМС хабарлама келсе немесе кез келген мессенджердегі хабарламада қайта қоңырау соғуды сұрап не көрсетілген сілтемені басуды өтінсе. Нөмірді анықтаушы орнатыңыз, ең дұрысы таныс емес нөмірге ешқашан қоңырау салмаңыз және ешбір сілтемеге кірмеңіз.
  10. Бос жұмыс орнын ұсыну арқылы «жұмыс беруші» заңсыз әрекетке баруды немесе оған атсалысуды ұсынуы мүмкін. Мысалы, төлемдерді қабылдау операторы деген қызметте қылмыстық жолмен табылған ақшаны заңдастыру деген қылмыстық әрекетті атқаруыңыз ықтимал. Курьер болсаңыз да не тасымалдап жатқаныңызды білуге тиістісіз.

Қандай жағдайда да асығыс шешім қабылдамауға тырысыңыз

Бақытнұр Әлібайhttp://tiek.kz
Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

Өзге де материалдар ―