Жүк көліктерін заңсыз бастапқы тіркеу фактісі Қарағанды облысында анықталды. Заңсыздық салдарынан жергілікті бюджетке 315 млн теңгеден астам сомаға шығын келтірілген.
Ведомствоның Telegram-дағы ресми арнасында жарияланған мәлімет бойынша, ХҚКО қызметкерлері көліктердің бастапқы тіркеу алымы мен утилизациялық алымды төлеуден босату мақсатында интеграцияланған ақпараттық жүйеге жүк көлік құралдарының VIN-кодтары бойынша көрінеу жалған деректерді енгізген.
«Осылайша олар 33 жүк көлігін заңсыз бастапқы тіркеуден өткізген. Жергілікті бюджетке 315 млн теңгеден астам сомаға төлемдер түспеген», — делінген ҚМА хабарламасында.
Ведомство өкілдері осы дерек бойынша мамандандырылған ХҚКО-ның бұрынғы басшысы және ХҚКО басшысының орынбасары ұсталғанын мәлімдеді.
«Сот қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасына санкция берді. Күдіктілердің мүлкіне 42 млн теңге көлемінде тыйым салынды», — деді Агенттік өкілдері.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.