Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі мессенджерлерде жіберілген ХҚКО сайты мен eGov Mobile мобильдік қосымшасының ақаулары туралы хабарлама жалған және шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.
«Электрондық үкімет порталы және eGov Mobile мобильді қосымшасы қалыпты жағдайда жұмыс істейді. Үшінші тұлғалар портал мен мобильді қосымша пайдаланушыларының деректеріне қол жеткізе алмайды», — делінген хабарда.
Осылайша министрлік өкілдері азаматтардан алған хабарламаларға жауап бермеуді және тексерілмеген ақпаратты жібермеуді сұрады. eGov.kz порталы және eGov Mobile жұмысы туралы туындаған барлық сұрақ бойынша байланыс орталығының 1414 телефон нөміріне хабарласуға болады.