Бүгін таңға жуық Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан бес бала қаза тапты. Әкімдіктің баспасөз қызметі осындай ақпарат таратты.
Ведомство мәліметінше, бүгін таңғы сағат 04.29-да Қостанай облысы Жітіқара қаласында жеке тұрғын үйден өрт шығып, салдарынан шатыры опырылып түскен. Оқиға орнына 7 минут ішінде құтқарушылар келіп жеткенше, үй толығымен отқа оранған.
«Өрт сөндірушілер тез арада өртті сөндіріп, үйінділерді тазартуға кірісті. Сағат 06:08-де өрт оқшауланып, толығымен сөндірілді. Апат кезінде үйде ересектердің қарауынсыз 2011, 2016, 2018, 2019, 2022, 2023 жылғы кәмелетке толмаған балалар болған. Өкінішке қарай, үйінділерді тазарту барысында бес баланың өлі денесі табылды. Балалардың үлкені – 2011 жылы туылған бала ғана аман, зардап шекпеген», — делінген ведомство хабарламасында.
Әкімдік өкілдерінің мәлімдеуінше, балалардың анасы кешкісін құрбысына кеткен, ал әкесі қамауда отыр. Қазір оқиғаның себептері анықталып жатыр.