Қоғам
Тренд

«Тұран қайда қалды?»: Түркия Пәкістан және Сауд Арабиясымен бірлесіп жаңа әскери одақ құруға кірісті  

2026 жылы 7 тамызда Сауд Арабиясының Мекке қаласында Пәкістан, Сауд Арабиясы және Түркия арасында ресми түрде жаңа қорғаныс одағы құрылып, келісімге қол қойылды. Бұл құжат халықаралық ақпарат құралдары мен сарапшылар арасында «Мекке бірлескен қорғаныс келісімі» (Mecca Joint Defence Agreement) деген атқа ие болды, деп хабарлайды tiek.kz.

Құжат шарттарына сәйкес, тараптардың кез келген біріне жасалған қарулы шабуыл барлық үш мемлекетке жасалған агрессия болып есептеледі. Яғни Мекке келісімі Пәкістан мен Саудия Арабиясы 2025 жылы қыркүйекте мақұлдаған Өзара стратегиялық қорғаныс туралы келісімге, сондай-ақ үш қол қоюшы тарап пен Мысыр кіретін төрт жақты консультативтік механизмге (R-4 тобы) негізделген. Оның басты ережесіне сәйкес, альянс мүшелерінің кез келгеніне жасалған қарулы шабуыл барлық мүшелерге жасалған шабуыл ретінде қарастырылады.

Бұл қағидат НАТО-ның 5-ші бабындағы ұжымдық қорғаныс тетігіне ұқсайды.

Тарихи маңызды келісімге Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман, Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған және Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шәріп қол қойды.

Бұл одаққа мүше елдер (Түркия мен Пәкістан – мұсылман әлеміндегі ең ірі әскерге ие елдер, ал Сауд Арабиясы – қаржылық және ресурстық әлеуеті жоғары мемлекет) аймақтағы қауіпсіздікті күшейтуді, бірлескен әскери-өнеркәсіптік жобалар мен лаңкестікке қарсы операцияларды жүзеге асыруды көздейді.

Бұл келісім үш орта державаның израильдік және ирандық агрессия салдарынан тұрақсыздасқан аймақтағы ұжымдық тежеуді күшейту мақсатын көздейді дейді кейбір сарапшылар.

Символдық мәні

Келісімнің символдық мәні өте зор. Негізінен бұл құжат үш қуатты орта державаны жақындастырады: ядролық қаруы бар Паcкістан, бай энергетикалық гигант Саудия Арабиясы және НАТО-дағы екі орынды алып жатқан армиясы мен қорғаныс-өнеркәсіптік әлеуеті бар Түркия. АҚШ-тың өздерінің ең жақын серіктестерінен таяу шығыстық альянс құру жөніндегі бұрынғы әрекеттері сәтсіз аяқталғанымен, бұл тек аймақтық бастама аймақтық державалардың өсіп келе жатқан стратегиялық белсенділігі мен қауіптерін айқын көрсетеді. Келісімнің исламның ең қасиетті қаласы – Меккеде жасалуы оған қосымша символдық мән мен танымалдық берері сөзсіз. Ал іс жүзінде бірлескен Мекке қорғаныс келісімі тежеуші әсер бере ме, жоқ па – бұл әзірге белгісіз. Себебі, Араб мемлекеттері арасындағы 1950 жылы Бірлескен қорғаныс және экономикалық ынтымақтастық туралы шарты мен Парсы шығанағы араб елдерінің ынтымақтастық кеңесі, 2000 жылғы Бірлескен қорғаныс туралы келісім лигалары іске аса қойған жоқ.

Сарапшы Жанат Момынқұловтың айтуынша, бұл үштік одақ Иран мен АҚШ-тың арасындағы соғыстың жанама немесе тікелей нәтижесі.

«Бұл нені білдіреді? Америка осы аймақта бай араб мемлекеттерімен келісіп, қауіпсіздікке мұнай формуласы бойынша осы кезге дейін Таяу Шығыстың, ондағы Американың мүдделерін қорғап келген болатын. Иран соғысы осы тепе-теңдікті біраз бұзды деп айтуға болады. Америка бұдан кейін аймақта No1 қауіпсіздік провайдері ретінде қала алмайтыны белгілі болып отыр. Оның орнына аймақтағы елдердің қауіпсіздік жүйесіне, әскери мүмкіндіктеріне, қаржысына сүйенетін жаңа қауіпсіздік архитектурасы құрылып жатыр», — дейді ол.

Бұл одақтың құрылуының негізгі астарында Сауд Арабияның қауіпсіздігі жатыр. Иран Сауд Арабияның өзіне тікелей 2017 жылдан бастап, яғни қазірге дейін дрондар арқылы мұнай өңдеу зауыттарына, басқа да әлеуметтік нысаналарға зарарын тигізген болатын. Кейін оған хуситтер мәселесі қосылды.

«Менің ойымша, реалистік тұрғыдан келген кезде бұл босқа құрылған жоқ. Бұл расында да аймақтың қауіпсіздігін аймақтағы ірі мемлекеттер, ірі аймақтық державалар қорғайды деген сөз. Трамптың да бұл жаңадан құрылған осы платформа туралы оң көзқарас білдіруі және бұны өте маңызды, яғни қажетті ұйым деп бағалауы да біраз жайттың басын ашып отыр», — дейді сарапшы.

Жаңа одақ НАТО-ға балама бола ала ма?    

Ючел Карауыз,Түркия Қарулы күштерінің отставкадағы бригадалық генералы, әскери сарапшы:

Фото: Ючел Карауыз

Қысқа және орта мерзімді перспективада — жоқ. НАТО-ның шамамен сексен жылдық институционалдық тәжірибесі, интеграцияланған әскери басқару жүйесі, бірлескен қорғаныс жоспарлауы, стандарттары және өте ауқымды әскери-технологиялық инфрақұрылымы бар. Түркия–Пәкістан–Сауд Арабиясы тетігінің НАТО-ның орнына келуі шынайы да емес, менің ойымша, қажет те емес. Түркия қазірдің өзінде НАТО мүшесі. Сондықтан Анкара үшін мәселе НАТО-дан шығу емес, НАТО мүшелігін сақтай отырып, өзінің аймақтық стратегиялық әлеуетін әртараптандыру болып табылады.

Болашақ халықаралық жүйеде мемлекеттер бір ғана қауіпсіздік тетігіне тәуелді болмайды. НАТО мүшелігі, екіжақты қорғаныс келісімдері, аймақтық қауіпсіздік тетіктері және қорғаныс өнеркәсібі саласындағы әріптестіктер бір уақытта қатар жүруі мүмкін. Сондықтан Мекке тетігін НАТО-ның баламасы емес, Еуразия–Таяу Шығыс қауіпсіздік архитектурасындағы толықтырушы қауіпсіздік тірегі ретінде бағалаған дұрысырақ.   Келісімнің ең назар аударарлық тұсы — тараптардың біріне жасалған қарулы шабуылды басқа тараптарға да жасалған шабуыл ретінде қарастыратын өзара қорғаныс түсінігі. Алайда бүгіннен бастап оны тікелей «жаңа НАТО» деп атауға әлі ерте. Өйткені әскери одақтың нақты күші тек қол қойылған келісіммен емес; бірлескен басқару және бақылау тетіктерімен, барлау ақпараттарымен алмасумен, бірлескен операция жүргізу қабілетімен, әуе және зымыраннан қорғаныспен, логистикалық интеграциямен, стандарттаумен, бірлескен әскери жаттығулармен, қорғаныс өнеркәсібінің интеграциясымен өлшенеді.

Сондықтан бүгін қалыптасып отырған құрылымды стратегиялық қорғаныс әріптестігінен институционалданған аймақтық қауіпсіздік тетігіне өту үдерісі ретінде қарастырған дұрысырақ болады.

Түркияның НАТО-дағы тәжірибесі мен дамып келе жатқан қорғаныс өнеркәсібі; Пәкістанның ауқымды әскери әлеуеті мен ядролық тежеу мүмкіндігі; Сауд Арабиясының экономикалық күші, энергетикалық нарықтардағы салмағы және араб-ислам әлеміндегі саяси ықпалы — бірін-бірі толықтыратын ерекшеліктер. Егер осы үш элемент дұрыс біріктірілсе, маңызды стратегиялық әлеует пайда болуы мүмкін.

Түркияның Пәкістан және Сауд Арабиясымен жақындасуы «Тұран бірлігі» идеясына кері әсер етпей ме?

Ючел Карауыз, Түркия Қарулы күштерінің отставкадағы бригадалық генералы, әскери сарапшы:

Бұл мүмкіндікті толығымен жоққа шығармаймын. Шын мәнінде, Түркі мемлекеттері ұйымы аясында қауіпсіздік мәселелерінің маңызы біртіндеп артып келеді. Алайда Түркі мемлекеттері ұйымының бүгінгі негізгі сипаты — әскери одақ емес, көпқырлы мемлекетаралық ынтымақтастық ұйымы. Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның қауіпсіздік саясаты, одақтастық қатынастары мен геосаяси жағдайлары бір-бірінен ерекшеленеді. Бұл айырмашылықтарды әлсіздік ретінде емес, басқарылуы тиіс геосаяси шындық ретінде қарастыру қажет. Сондықтан менің ойымша, дұрыс әдіс — бірден «Түркі НАТО-сын» жариялау емес.

Неғұрлым шынайы жол — кезең-кезеңімен ортақ қауіпсіздік әлеуетін қалыптастыру. Бірінші кезеңде; қорғаныс өнеркәсібіндегі ынтымақтастық, әскери білім беру, офицерлер алмасуы, бірлескен әскери жаттығулар, терроризммен күрес, шекара қауіпсіздігі, киберқауіпсіздік, аса маңызды инфрақұрылымдарды қорғау, барлау ақпараттарымен алмасу, ұшқышсыз жүйелер және бірлескен логистика салаларындағы интеграцияны дамытуға болады. Екінші кезеңде бірлескен қорғаныс жоспарлау, ерте ескерту жүйелері, әуе қорғанысы және бірлескен басқару-бақылау тетіктерін қарастыруға болады.

Алайда НАТО-ның 5-бабына ұқсас міндетті ұжымдық қорғаныс туралы ереже — әлдеқайда жоғары саяси кезең. Оның жүзеге асуы үшін мүше мемлекеттер арасында ортақ қауіп-қатер түсінігі мен жоғары деңгейдегі стратегиялық сенім қалыптасуы қажет. Сондықтан бұл мақсат теориялық тұрғыдан мүмкін; алайда қысқа мерзімде емес, ұзақ мерзімді және кезең-кезеңімен жүретін үдеріс ретінде қарастырылуы тиіс.

Жанат Момынқұлов, сарапшы:

Болашақта әлемдегі геосаяси жағдайдың қалай өзгеретінін біз білмейміз. Қандай қырғи-қабақ соғыс? Әлем екіге бөліне ме? Қытай және АҚШ тарапына жақын екі блокқа бөліне ме? Түркі мемлекеттері сол екі ортада нейтрал статусты сақтап қалатын үшінші бір блок бола ала ма? Немесе айталық нейтрал, бейтарап алаңға айнала ма? Ол да үлкен сұрақ. Және де Қытайдың, мысалы, бір жол-бір белдеу жобасының, ондағы ақша салынған инфрақұрылымның, жолдардың қауіпсіздігін кім қамтамасыз етеді деген тұста, әрине, түркі мемлекеттер одағы қаласа да, қаламаса да, осы Транскаспий, басқа да жобаларды өз әскерімен қорғау жағдайында болады. Яғни түркі мемлекеттер ұйымы болашақта әскери компонентті дамытатын болады.

Кеше ғана Financial Times-та осы орта державалардың маңызы, осы үш мемлекеттің, Оман, Катар және Өзбекстан, Қазақстан, Әзірбайжанның орта держава ретіндегі рөлдері және олардың мына транзиттегі әртүрлі мына ірі мемлекеттермен көрші болу, географиялық орналасуы, экономикалық әлеуеті, логистика, транспорт жолдарында жатуы сияқты факторлар баса айтылды. Демек, түркі мемлекеттер одағы болашақта геосаяси күшке айналады деп Әлиевтің ойымен келісемін. Әзірбайжан президенті Әлиевтің ойымен. Бірақ енді Тоқаев осы жақында ғана түркі мемлекеттері үйіні әскери-саяси блок емес деп айтып қалды. Бұл орта болашақ үшін маңызды сигнал.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button