Астанада «Әділет» партиясының кезектен тыс III съезі басталды

Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Әділет» партиясының кезектен тыс III съезі өз жұмысын бастады, деп хабарлайды tiek.kz тілшісі.
Кезектен тыс III съезде делегаттар партияның сайлауалды бағдарламасын, Құрылтай депутаттығына кандидаттардың партиялық тізімін бекітеді.
Сондай-ақ, партия Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу, мүшелік жарналардың мөлшерін айқындау және қорытынды қаулы қабылдау мәселелері қаралады.
Съезге еліміздің барлық өңірінен келген 1000-нан астам делегат, облыстық филиалдардың, қоғамдық бірлестіктердің, сарапшылар қауымдастығының өкілдері және өзге де шақырылған қонақтар қатысып жатыр.
Партия өкілдерінің мәліметінше, 10 шілдеге дейін «Әділет» партиясы ұйымдық құрылымын толық қалыптастырып, өңірлік желісін құрған. Өңірлік саяси кеңестердің құрамына 808 адам, ал бақылау-тексеру комиссияларына 100 адам енгізілген.



