«Байтақ» жасылдар партиясы Су министрлігінің құрылуына әсер етті» — Азаматхан Әміртай

«Байтақ» жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртай өздеріне жүктелген міндеттемелерді күнделікті көтеріп жүргенін атап өтті. Солардың бірі — қоршаған ортаны қорғау мәселесі.
Айтуынша, басқа партиялар бұл тақырыпты тек сайлау алдында ғана көтерсе, байтақтықтар қоршаған орта мәселесін күнделікті назарда ұстайды.
«Біздің басымдықтарымыз — жасыл экономиканы дамыту, қоршаған ортаны, жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемін қорғау, таза ауа, таза су және таза топырақ мәселесі. Егер тек экологияны ғана ойласақ, «әрбір адам отбасын қалай асырайды?» деген сұрақ туады. Сондықтан біз жасыл кәсіпкерлікті дамытуды қолдаймыз. Халыққа қоршаған ортаны қорғай отырып, осы салада табыс табуға, отбасын асырауға болатынын жеткіземіз және осы мәдениетке бағыттаймыз.
Біздің нақты нәтижелеріміз бен бастамаларымыздың нәтижесінде Су министрлігін құрылды. 2023 жылы біздің партия Су министрлігін құру туралы ұсыныс тастап, арнайы форумдар өткізді. Осы бастамамыздың негізділігі дәлелденіп, бүгінде елімізде Су министрлігі пайда болды. Өйткені су мәселесі — геосаяси маңызы бар тақырып, оны кішігірім комитет деңгейінде шешу мүмкін емес еді. Бүгінде бұл министрлік ауқымды жұмыстар атқаруда.
Батыс Қазақстандағы су мәселесі: Таяуда Батыс Қазақстан облысында болдым. Қазіргі уақытта Ресейден Батыс Қазақстанға 28 миллион куб су беріліп, соның нәтижесінде арнайы көл пайда болды. Бұл — Су министрлігі жұмысының нақты нәтижесі. Осының арқасында өңірде ауыл шаруашылығы дамып, халыққа су жетті.
Қазіргі уақытта біз ауыз су бағдарламаларын іске асырумен белсенді айналысып жатырмыз. Партиямыздың басты ұраны — «Ауылдарға — таза су, қалаларға — таза ауа!». Біз осы бағытта жүйелі жұмысты жалғастыра береміз», — деді партия төрағасы.
Посмотреть эту публикацию в Instagram



