Саясат

Жолдаудың орындалуы бойынша есеп және БЖЗҚ-ны бақылау: «Ақ жол» Парламенттің өкілеттігін күшейтуді талап етеді

Қазақстан Үкіметі Мемлекет басшысының әрбір жаңа Жолдауы алдында бұған дейінгі тапсырмалардың орындалуы туралы жария түрде есеп беруі тиіс, ал мемлекеттік қаржы, оның ішінде зейнетақы және сақтандыру жарналары Парламенттің қатаң бақылауына қайтарылуы керек. «Ақ жол» демократиялық партиясының съезінде Дания Еспаева осындай бастамалар көтерді.

Саясаткердің айтуынша, «күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» формуласын іске асыру үшін атқарушы және заң шығарушы билік тармақтарының өзара іс-қимыл жүйесін сапалы түрде қайта құру қажет.

Коалициялық Министрлер кабинеті және ортақ жауапкершілік

«Ақ жол» партиясы Үкімет құрамы Парламентке өткен барлық партиялардың өкілдігін ескере отырып жасақталуы керек деп есептейді. Еспаеваның пікірінше, мұндай тәсіл депутаттық корпустың саяси салмағын түбегейлі өзгертеді.

Бұл жағдайда Парламент тек атқарушы билікпен пікірталас алаңы болудан қалады. Депутаттар Министрлер кабинетінің экономикалық жетістіктері үшін де, олқылықтары үшін де нақты жауапкершілікті бөлісетін болады.

МӘМС пен БЖЗҚ: Парламент бақылауындағы «жасырын салықтар»

Баяндамада мемлекеттік қаржыны басқару мәселесіне ерекше назар аударылды. Дания Еспаева ел бюджетін, оның ішінде ұлттық компаниялар мен мемлекеттік холдингтердің қаражатын бақылау мәселелерінде Парламенттің өкілеттігін күшейтудің аса қажеттігін атап өтті.

Міндетті сақтандыру және зейнетақы жинақтау қорлары да қатаң сынға ұшырады.

«Азаматтар мен іскерлік ортаның жинақтаушы, сақтандыру немесе мүшелік жарналар деп аталатын барлық міндетті төлемдері шын мәнінде қосымша салықтарға айналды, — деді Дания Еспаева. — Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (МӘМС) қаражатының иесіз пайдаланылуын, сондай-ақ БЖЗҚ-дағы дүркін-дүркін болып тұратын дау-дамайларды ескерсек, бұл қорларды басқару, олардың шығындары мен көпмиллионды сыйлықақылары Парламенттің ашық талқылауынан және бақылауынан өтуі тиіс».

Президент тапсырмаларының қатаң сұралуы

Жиында ұсынылған бақылаудың негізгі тетігі – Министрлер кабинетінің есеп беруінің жаңа нормасы болмақ. Үкімет бір жыл ішінде орындауға тиіс әлеуметтік-экономикалық міндеттер Президент Жолдауында бекітіледі. Алайда, партия мүшелерінің пікірінше, олардың іске асырылуын бақылау тетігі жеткілікті деңгейде ашық емес.

Жағдайды түзету үшін «Ақ жол» Үкіметті кезекті Жолдау жарияланбас бұрын Парламент алдында алдыңғы Жолдаудың орындалуы туралы жария түрде есеп беруге міндеттеуді ұсынады. Бұл шенеуніктерге стратегиялық тапсырмаларды тек қағаз жүзінде қалдыруға жол бермейді және министрлердің сөз жүзіндегі емес, нақты жауапкершілігін қамтамасыз етеді.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button