Саясат

Бензинсіз қалған Ресей Қазақстаннан көмек сұрап жатыр

Қазақстан Ресейге АИ-92 бензинін беріп, оның орнына авиациялық отын алуы мүмкін.

Ресей Қазақстаннан АИ-92 бензинін сатып алу мәселесін талқылап жатыр. Бұл туралы Reuters агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды, Alash.KZ.

Агенттік мәліметінше, Ресей 50 мың тонна АИ-92 бензинін жеткізу жөнінде келіссөз жүргізуде. Маусым айында Украина тарапының Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына жасаған шабуылдары күшейіп, бірқатар өңірде жанар-жағармай тапшылығы байқалған.

Reuters дерегіне сәйкес, Ресейде бензин өндірісі шамамен 25 пайызға қысқарған. Ал «Медуза» басылымы елдің кемінде 20 аймағында бензин сатуға шектеу енгізілгенін хабарлады.

Дереккөздердің айтуынша, Қазақстанның жанармай өндірісі Ресеймен салыстырғанда төмен болғандықтан, ел үлкен көлемде бензин жеткізе алмайды. Қазіргі уақытта Қазақстанда бензин қоры жеткілікті болғанымен, 26 маусым мен 20 шілде аралығында Атырау мұнай өңдеу зауытында жоспарланған жөндеу жұмыстары қор көлеміне әсер етуі мүмкін.

Reuters агенттігінің Қазақстандағы дереккөзі екі ел арасында жанармай айырбастау нұсқасы қарастырылып жатқанын айтады. Яғни, Қазақстан Ресейге АИ-92 бензинін беріп, оның орнына авиациялық отын алуы мүмкін.

Себебі қазіргі таңда елде авиациялық отын тапшылығы байқалады. Бұған сұраныстың артуы, Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстары және Ресейден импорт көлемінің азаюы әсер еткен.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button