Экономика

Қазақстан Орталық Азиядағы ең қарызы көп ел атанды

Соңғы бес жылда Орталық Азия елдерінің (Түрікменстанды қоспағанда) сыртқы қарызы 34,9%-ға артқан. ТМД статкомитеті мен ЕАЭО комиссиясының деректеріне сәйкес, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанның жиынтық сыртқы қарызы өткен жылы шамамен 290,8 млрд АҚШ долларын құраған,  деп хабарлайды Juzmedia.kz

Ranking зерттеуіне сүйенсек, аймақ бойынша сыртқы қарыздың ең үлкен бөлігі Қазақстанға тиесілі – 62,5%.

2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның сыртқы қарызы 181,8 млрд доллар деңгейіне жеткен. Бұл соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Әсіресе өткен жылы өсім айтарлықтай болған – 10,4%. Ал 2022 жылы керісінше, аздап төмендеу тіркелген.

Сондай-ақ:

  • Өзбекстан – сыртқы қарызды ең жылдам арттырған ел. 2025 жылы 26% өсіп, 89,6 млрд долларға жеткен.
  • Қырғызстан – қарыз көлемі салыстырмалы түрде тұрақты, 12,4 млрд доллар (+0,5%).
  • Тәжікстан – ең төмен сыртқы қарызға ие ел: 6,9 млрд доллар (+4,5%).

Қазақстан қарызының құрылымы

Қазақстанның сыртқы қарыз құрылымында ең үлкен үлес – компанияаралық (интерфирмалық) несиелерге тиесілі. Ол жалпы қарыздың шамамен жартысын құрайды (89,9 млрд доллар).

Негізгі қарыз алушылар:

  • «Басқа секторлар» (жеке және квазимемлекеттік компаниялар) – 30% немесе 55,1 млрд доллар;
  • Банктер – 18,3 млрд доллар (+39,4%);
  • Мемлекеттік басқару органдары – 16 млрд доллар (+25%).

Қазақстанның сыртқы қарызындағы ең ірі кредитор – Нидерланды (42,2 млрд доллар). Бұл жалпы қарыздың 23%-дан астамы.

Сонымен қатар:

  • Ұлыбритания – 19,8 млрд доллар;
  • Ресей – 16,6 млрд доллар.

Экономикаға әсері

Сарапшылардың айтуынша, Қазақстанның сыртқы қарызының басым бөлігі мұнай-газ және тау-кен салаларына тиесілі. Бұл жалпы құрылымның 80%-дан астамын құрайды.

Яғни, ел экономикасы әлі де шикізат экспортына тәуелді, бұл сыртқы нарықтағы баға құбылмалылығына әсер етеді.

Өзбекстан мен Қырғызстанда мемлекеттік қарыздың үлесі жоғары болса, Тәжікстанда сыртқы қарыздың жалпы көлемі ең төмен деңгейде сақталған.

Қырғызстан – қарызды ең баяу өсіріп отырған елдердің бірі, ал Тәжікстан 2025 жылы мемлекеттік қарызын азайтқан жалғыз мемлекет.

Бақытнұр Әлібай

Бақытнұр Әлібай. 1987 жылы дүниеге келген. Жоғары білімі бар. 2011 жылдан бері отандық БАҚ саласында еңбек етіп келеді

tiek.kz

Back to top button